ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗУДІҢ МАҚСАТЫ – КӘСІПКЕРДІ ЖАЗАҒА ТАРТУ ЕМЕС

«Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесіндегі реформаға арналған, сондай-ақ бизнестің құқығын қорғауға бағытталып қабылданған шаралар туралы баспасөз конференциясы өткізілді» деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы.

Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыпов өз сөзінде 2018 жылғы мамырда Мемлекет басшысы қол қойған Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру жөніндегі заң қазақстандық бизнес үшін ерекше оқиға болғанын атап өтті.  Бұл заңдағы басты реформаның бірі мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін түбегейлі өзгерту болып табылады. Ол ағымдағы жылдың басынан қолданысқа енгізілген.

– Биыл ішінара тексерудің орнына «алдын ала бақылау» секілді жаңа институт енгізілді. Ол бизнес пен биліктің арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынасты құруға және бақылаушы органға сенімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, қазірде тексеріс жүргізудің мақсаты кәсіпкерді жазаға тарту емес, заң талабы бұзылуының алдын алуға жәрдем және кеңес беру», – деді Асланбек Жақыпов.

Бақылау субъектісіне анықталған заңбұзушылықты жою үшін белгілі бір уақыт беріледі. Егер ол жойылмаса, мемлекеттік органға қайтадан, демек жоспардан тыс тексеріс жүргізу құқығы беріледі.

Қазірде Ұлттық экономика министрлігіне жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және олардың құқығы мен мүддесін қорғау бойынша бақылау функциясы берілген. Яғни, бұл құзырет кез келген мемлекетік органның кәсіпкерлерге қатысты мемлекеттік бақылау жүргізуін, рұқсат беру және рұқсаттамалар рәсімдерін көрсетуін, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәртібін сақтауын тексеруге құқық береді.

Осылайша, заң талаптарының сақталуы жөніндегі тексеру бизнес субъектілеріне ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік органдарға да жүргізіледі. Бұл бақылау шараларының шеңберінде біз мемлекеттік органдардың заң талабын сақтауын, ең бастысы, бизнес субъектілерінің құқығының сақталуын қадағалайтын болады.

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған