ӨЗГЕРІСКЕ ДАУЫС БЕРУІМІЗ КЕРЕК

5 маусым күні ел ертеңі үшін маңызы зор саяси оқиға болмақ. Нәтижесінде Ата Заңымызға түзетулер енгізіліп, Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Сот құрылмақ. Мұндағы мақсат – «Жаңа Қазақстандағы» тең құқықты қоғамды құру. Яғни, заңмен қорғалатын құқығы бұзылған әрбір азамат Конституциялық Сотқа жүгініп, өз құқығын талап етуге мол мүмкіндік алады.

Тағы бір айта кетерлігі – тұрғындар Конституциялық Сотқа тікелей немесе конституциялық өкілет берілген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы жүгіне алады. Демек, өзге өңірлерде тұратын азаматтар астанаға келіп әуре болмайды. Өйткені, Омбудсмен кеңсесі әр облыста ашылады.

Сондай-ақ, алдағы референдумның ел үшін берері көп. Себебі, дәл осы саяси сайлаудан кейін билік жүйесінде де көптеген өзгерістер орын алып, мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына қадам басады деп сенемін. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанып отырған басқару жүйесі айқын дәлел. Нақтырақ айтсақ, еліміз осы референдумнан кейін суперпрезиденттік басқарудан мықты парламенті бар елге айналады.

Осыларды және басқа да өзгерістерді ескере келе, бүкілхалықтық референдум әрбір қазақстандық үшін және болашақ ұрпақ үшін маңызды деп ойлаймын. Сондықтан референдумды қолдап, өзгеріске дауыс берейік.

Айдана СЕЙДУЛЛАЕВА,

заңгер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған