ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ НЕГЕ БҰЗЫЛАДЫ?

Халықтың құқықтық сауаттылығы жыл өткен сайын арта түскеніне қарамастан тұтынушылар құқығын бұзу деректері жиі тіркеліп жатады. Келіп түскен өтініштің басым бөлігі – 74,6 пайызы бөлшек және электронды сауда саласына қатысты. Талдау көрсеткендей, көбінесе сатушылар сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартады екен.

Мысалы, саудагерлер бірнеше жыл бойы елді аралап, әртүрлі ғимараттарда тауар таныстырып, өткізіп жүр. Олардың деректер базасында зейнеткерлердің телефон нөмірлері бар. Презентацияға сол кісілерді шақырып, дастарқан басында «талай дертке дауа болатын» жапон құрылғысы туралы әңгімелейді, соны сатып алғандарға сыйлық беруге уәде етеді. Сиқырға ұшырағандай қариялар 700 мың теңгенің несиесін қалай ресімдегенін өздері де түсінбей қалыпты.

Сатып алушылар келісімшартты оқымастан қол қоя салған. Фирма қызметкерлері оларды қолдарынан жетектеп банкке алып барған. Соның бірі 720 600 теңгенің құрылғысын сатып алу үшін, 300 мың теңгесін бірден шығындап, қалған сомаға несие ресімдепті. Бұл саудасы үшін оған шаңсорғыш, көрпе-жастық сыйға тартылады дегенге мәз болған қария бастапқыда қуан­ғанымен, сатып алған тауарының орнына құр жамылғы келгенде қуанышы су сепкендей басылды. Тауарды қайтарғысы келгендердің өтінішін сатушылар құлақтарына да қыстырмаған.

Тағы бір мысал, тұтынушы тұрмыстық техника дүкенінен сатып алған тоңазытқыштың компрессоры көп ұзамай істен шыққан. Ол тауарды дүкенге қайтадан тапсырып, төлеген ақшасын қайтарып алғысы келгенімен, сатушы бұдан бас тартқан. Сервис орталығы берген тексеру және техникалық қорытынды актісінде тұтынушы тоңазытқышты пайдалану шарттарын бұзбағаны және жөндеуден, яғни компрессорды ауыстырудан бас тартқаны тайға таңба басқандай жазылған. Компрессордың о баста ақаулығы болғаны да дәлелденген. Тексеріс барысында сатушы тұтынушының құқығын бұзғанын мойындап, сату-сатып алу шартын бұзуға келісті. Тұтынушының 136 мың теңгесі қайтарылған.

Тауардағы ақаулықтар тек сатып алушының келісімімен ғана жойыл­уы тиіс. Ал тауарды айырбастағысы немесе ақшасын қайтарып алғысы келсе, сатушыға жазбаша наразылықпен жүгінуге құқылы. Егер сатушы оның өтінішіне он күн ішінде жауап бермесе немесе тұтынушының талаптарын орындауды қажет деп таппаса, тұтынушы аталмыш департаментке немесе сотқа жүгіне алады. Бұндай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Мұндай іс бойынша айыппұл төлегендер де баршылық. Мысалы, 2021 жылы ірі кәсіпкерлік субъектілерінің біріне жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша тұтынушының талабына уақытылы жауап бермегені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 190-бабы 6-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Соған қарамастан сатушылар тұтынушы құқығын таптауды неге азайтпай отырғаны белгісіз.

Бұл аздай, саудагерлер соңғы кезде тұтынушы құқығын бұзудың тағы бір амалын ойлап тауыпты. Мәселен, тұрмыстық техника не гаджет сатып алушылар қосымша шартқа қол қоюға мәжбүрленетін көрінеді. Мәселен, смартфон сатып алушыға әртүрлі қосымшаларды немесе кепілдік көрсету қызметін қосымша ақыға сатып алу зорлап міндеттеледі. Сөйтіп, тұтынушы смартфон бағасына қоса басқа да шығындарға ұшырайды. Бұл да болса, құқықбұзушылық. Өйткені тұтынушының еркін шарт жасасуға құқығы бар.

Сауда орталықтарының қызметкерлері смартфон сатып алушыларға акция бойынша тегін қосымша жүктеп беру туралы қызмет ұсынады. Тегін дегенге көпшілік бірден келісіп, келісімшартты оқымастан қол қоя салады. Шын мәнісінде, бұл қызмет ақылы болып шығады. Бұл – айласын асырғысы келген сатушылардың қулығы, сатып алушыларды алдау. Қазір осындай шағымдар бойынша да сот жүріп жатыр. Сондықтан келісімшартқа қол қоймас бұрын, оны мұқият оқып шығу қажет. Заңда бір тауарларды сатып алуды өзге де тауарларды міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға, сондай-ақ тауар сатып алуды кепілдік міндеттемені орындау шарты ретінде тануға тыйым салынған.

Сонымен қатар соңғы кезде түбіртек пен сөреде көрсетілген бағаның сәйкессіздігі тым жиілеп кеткен. Мұны сатушылар сөредегі бағаларды ауыстыруға үлгермейтінімен түсіндіріп ақталады. Алайда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сатушы тауардың бағалар зат таңбасымен ресімделген, сауда нысанының витриналарында көрсетілген құнына сәйкес сатуға міндетті, ал тұтынушы сол бағамен сатып алуға құқылы. Бұл ретте ол кассалық чекті әр кез мұқият қарауға, баға сәйкессіздігі анықталса, дереу дүкен әкімшілігіне жүгінуге кеңес береді. Тіпті, құқықбұзушылық дерегін растау үшін тұтынушының фото және бейнетүсірілім жүргізуге де хақысы бар екенін айтады. Алайда іс жүзінде супермаркеттердің әкімшілігі фото-бейне түсірілімге тыйым салып тас­таған. Мұндайға жол берілсе, күзетші тез арада жетіп келіп, түсірілген жазбаны өшіруді талап етеді.

Сатушы бұзушылықты ерікті түрде жоймаса, тұтынушы бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органға және сотқа жүгінуге құқылы. Бірақ мұндайға көпшілік уақытын шығындап, жүйкесін жұқартқысы келмейді. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы көптеген дауды медиация­лық жолмен шешкенді жөн көреді. «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жол табылмаған жағдайда ғана сотқа жүгінуге барады.

Соңғы кездері бөліп төлеу арқылы есеп айырысқан кезде тауар бағасына 3-5 пайыз үстемеақы қосу «сәнге айналды». Ал қолма-қол ақшамен есеп айырысушыларға дәл сол тауар арзан бағаға сатылады. Бұл – тұтынушы құқығын бұзу және оларға қысым жасайтын талап. Қалай есеп айырылысқанына қарамастан, тауар бағасы бірдей болуы тиіс.

Сатушы өз тауарлары мен қызметі туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, соған сәйкес «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Енді бір ғана тілде не шет тілінде берілген ақпарат берілмегенмен тең болып есептеледі. Бұл ретте де заң талаптарын белден басып жүрген дүкен иелері жетерлік. Кейбір сауда орындарында тауар туралы ақпараттың қазақша аудармасы мүлде сын көтермейді.

Тұтынушы құқығының жиі бұзылуына, ең алдымен сатып алушылардың құқықтық сауат­сыздығы себеп. Сондай-ақ кейде сатушылардың да заңды білмейтіні немесе біле тұра белден басатыны да бар. Сонымен қатар құқық қорғаушы сот жүйесін жетілдіру керек. Департаментке жеткізілген ұсыныстар негізінде Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жасап, сатушылар мен сатып алушыларға әдістемелер әзірлеп жатқан көрінеді. Сарапшылар бұдан соң тұтынушы құқығын таптау деректері азаяды деген үміт бар екенін айтады.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңды толығырақ сілтеме арқылы біле аласыздар

https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z100000274_/z100274.htm

Өзекті мәселелер бойынша, Түркістан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің сенім телефоны 8771-322-82-82, арқылы хабарласып жауап ала аласыздар. Сонымен қатар қазіргі таңда тұтынушылардын құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестіктеріне хабарласа аласыздар ″Адал″ қоғамдық бірлестігіне (Түркістан қаласы бойынша) тел: 8771-828-82-32, 8-705-438-95-59, «Мейірім көзі» ҚБ тел: 87013364574, «Оңтүстік-Самұрық» ҚБ тел: 87028199050.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған