РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУ – АЗАМАТТЫҚ МІНДЕТІҢ

Қасым-Жомарт Кемелұлының өзгерістерді халықтың талқысына салуында үлкен мән жатқанын ұғынғанымыз абзал. Бұл дегеніміз алдағы уақытта Қазақстан халқы елдің, жердің, ұлы байтақ Отанның иесі өздері екенін сезінетін, билік өкілдерінің атқарып жатқан істеріне нақты баға бере алатын тұлға ретінде қалыптасуына берілген зор мүмкіндік.

Реформа аясында суперпрезиденттік басқарудан бас тартып, Парламент, сот және атқарушы биліктің тепе-теңдігін сақтау арқылы еліміздің тұрақты дамуына жол ашамыз. Алдағы болатын өзгерістерге сәйкес, Мемлекет басшысының туыстары түрлі қызметтерде басшылық жасай алмайды, бұл мәртебеге шектеу қойылады. Осы өзгеріс халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа үмітпен жетелеп отыр.

Сондай-ақ, депутаттарды сайлау, олардың сайлауалды бағдарламасын орындамаған жағдайда мандатын кері қайтарып алу құқығы да халықтың еркіне көшеді. Бұл өз кезегінде халық қалаулыларының азаматтық ерік-жігерін адал міндетін атқаруға берілген зор мүмкіндік.

Жергілікті әкімдерді сайлаған мәслихат депутаттары оның қызметіне баға беріп, жылына екі рет атқарған жұмысының және қаржылық есебін алып отырады. Жергілікті биліктің дербестігі артып, өңірдегі мәселелерді тұрғындармен ақылдаса отырып шешетін болады. Бұл процес халықтың көз алдында жария түрде жүретіндіктен, түрлі келеңсіздіктер мен көзжұмбайлықтардың орын алынуына жол берілмейді.

Айта кетерлік тағы бір маңызды өзгеріс Жердің, ондағы байлықтың халықтың қарауына өтуі. Бабадан қалған ұлан-ғайыр жер мемлекетің меншігінен өтіп, халықтың құзырына берілді. Ендігі жерде оның қойнында жатқан байлықтың табысы да елдің игілігі үшін жаратылады. Демек, ел мен жердің, ұлт пен ұрпақтың болашағына немқұрайлы қарамайтын әрбір азамат референдумға үн қосуға міндетті болмақ.

Аскат ЕСЕНАЛИЕВ,

з.ғ.к., Ұлттық заң ғылымдары академиясының академигі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған