БІЗ – САТЫП АЛУШЫМЫЗ, ЖОЛАУШЫМЫЗ, ОҚЫРМАНБЫЗ, ДЕМЕК ТҰТЫНУШЫМЫЗ

Бәріміз де түрлі тауарлар мен қызметтерді тұтынып жатамыз. Біз – сатып алушымыз, пациентпіз, жолаушымыз, клиентпіз, оқырманбыз, демек тұтынушымыз. Әрбір адам сауатты, өркениетті тұтынушы болу, сондай-ақ тұтынушылық құқығы мен мүддесін қорғай алу үшін қажетті білімге ие болуы керек. Өкінішке қарай, еліміздің тұрғындары тауарларды сатып алу мен қызметтерді пайдалану барысында сапасыз тауарларға немесе сатушы мен қызмет көрсетуші тарапынан болатын жауапсыздыққа ұрынып жатады.

Бұл – тұтынушы құқығы жиі бұзылады деген сөз. Ал бізде тұтынушы құқығы қалай қорғалып жүр? Өз құқығымызды білеміз бе?

Қай нәрсенің болсын, тарихына көз жүгірткен артықтық етпес. Ерте замандарда тұты­нушылар құқығы қалай қорғалған екен? Ежелгі мемлекеттерде негізгі сауда жасау орны базарлар болғаны белгілі. Қытай, Вавилон, Көне Грек елі, Египет, Рим империясы елдеріндегі базарларда сатып алушының мүддесі сатушымен арадағы еркін сау­дада шешіліп тұрғанмен, белгілі дәстүрлермен және заңдармен қорғалатын болған. Барлық елдердің заңдарында азаматтардың мүддесі тұты­нушы ретінде белгілі бір нормалармен қорғалған. Ортағасырлық Еуропада да тұтынушылар мүддесіне жай­барақат қарамапты. Сонау ХІV-ХV ғасырлардың өзінде бірқатар елдердің базарларында мемлекет тарапынан таға­йындалатын инспекторлар жұмыс істеді. Мәселен, Австрияда базарда сатылатын тауарлар сапасына бақылау жасалып тұрған. Сапасыз тауар босатқан саудагер жазасыз қалмайтын. Егер сатушының сапасыз сүт сатқаны анықталып қалса, сол сүтті тауысып ішіп қою міндеттелді. Бұзылған жұмыртқа сатқан адамға сол жұмыртқаларды лақтыратын болған. Ал тұтынушы нара­зылығы ең алғаш 1775 жылы Американың Массачусетс штатында тіркеліп, бұзылған тамақ сатқан адамды масқаралау бағанасына байлап қойды.

Алғашқы тұтынушылар қо­ғамы ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Батыс Еуропа елдерінде пайда болды. ХІХ ғасырдың 60-80 жылдары АҚШ мемлекетінде жүк және жолаушы тасымалы бағасын тым көтеріп жіберген теміржол компания­сына қарсы қозғалыстар болып, нәтижесінде мемлекет теміржол тарифін бақылауға алды. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары көптеген мемлекеттер тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңдарды бекітті. Тауардың маркировкасы болуы және арнайы қораптарға салынуы міндеттелді.

Балалар ойыншықтарының қа­уіп­сіздігіне аса мән берілді. Тауарлардың кепіл­дік мер­зімі көрсетілуі тиіс болды. Қазір әлемнің көпте­ген мемлекет­теріндегі тұ­ты­ну­­шы­лардың құқығын қорғау ұйым­дарының басын бірік­тірген халықаралық тұты­­нушылар одағы жұмыс істейді. Халықаралық одақтың орталығы Нидерланды мем­лекетінде орналасқан.

Ал 15 наурыз – Дүние­жүзілік тұтынушылардың құ­­қығын қорғау күні ­болып белгіленген. Бұл мейрам АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннедидің 1961 жылы 15 наурызда Конгресте тұ­ты­нушылардың құқы жайында сөйлеген сөзімен байланысты. Сол кезде АҚШ президенті тұтынушыларға адамдардың барлығының жататынын айтып, ақпарат алу, қауіпсіздік, таңдау және хабардар болу құқықтарын атап өткен еді. Кейіннен дүние­жүзілік тұты­нушылар құқығын қор­ғайтын ұйымдар бұл сөз­дерді өз манифестеріне айналдырды.

Тұтынушыға адал болуды барлық діндер мін­дет­тейді. Оның ішінде ислам діні саудадағы адалдыққа ай­рықша мән берген.

Таразы мен өлшемде әділ болуды бұйырады. Бұл хақында Құранда: «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемең­дер» («Рахман» сүресі, 9-аят) деген жол бар. «Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да, қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма? Ол зор күн үшін, ол күні адамдар, бүкіл әлемнің Раббысының алдында тұрады. Олай емес. Негізінен бұзықтардың дәптері төменгі орында болады» дейді тағы. Демек, сауда-саттықта адал­дықты ту еткен дұрыс.

Алушының ақысын жеу ақырет таңында азап отына күйдіреді.

Ислам діні белгілі бір тауарды немесе халық көп тұтынатын азықты базарға шығармай, құнының көтерілуін күтіп, кейін науқанында сатуға тыйым салады. Адамзаттың ұстазы, пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) мұндай істі құптамай, бұлай пайда тапқысы келгендердің күнә­һар екенін айтады. Сонымен қатар тыйым салынған амалды жасау қаншалықты күнә болса, ішіп-жеуге тыйым салынған азықты да сату соншалықты күнә болмақ.

Ол бір хадисінде: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, турашылдар және шәһидтермен бірге болады» деген.

Ислам саудаға рұқсат берумен қатар, табыстың негізгі көзі екендігін де айтқан. Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Ырыстың оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап, бағып-байлап, сатуда» деуі де бекер емес. Бұдан сауда жасаудың маңызды кәсіп екенін аңғарамыз.

2020 жылдың 25 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заңмен 7 құқықтық актіге, оның ішінде 3 кодекс және 4 заңға өзгерістер енгізілді. Заң түзетулерінің топтамасы БҰҰ-ның 2015 жылғы 22 желтоқсандағы тұты­ну­шы­лар мүдделерін қор­­ғау мәсе­лелері бойынша мыз­ғымас қағи­даттары негі­зінде қалып­тасты.

Бұл заң ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақ­стан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 50-тармағын және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан хал­қына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Ол тұтынушылар қоғамын қор­ғаудың тиімді жүйесін қалып­тастыруға, тұтынушылық дау­ларды сотқа дейін қарау мәсе­лелерінде үкіметтік емес ұйым­дарды инсти­туционалдық күшейтуге және белсенді тар­туға, тұты­нушы құқығын қорғауда уәкілетті органның ролін күшейтуге бағытталды.

Бұл заң шыққанға дейін елімізде тұтынушылар құқығы 2010 жылы шыққан заңмен, оған дейінгі кезеңде 1994 жыл­ғы ҚР Азаматтық кодексі және бірқатар құқықтық-нор­мативтік актілермен қорғалып келді.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту тұты­ну­шылар құқығын қорғау дең­гейін көтерумен тікелей бай­ланысты. Бұл өз дең­гейінде жүзеге асырылып тұрса, кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізеді. Ал бізде тұтынушылар құқы­ғын қорғау әлсіз болып келгендіктен, заңға өзгерістер енгізуді уақыттың өзі талап етті.

Енді бұл басты назарда болмақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған