«ВОЛОНТЕР ЖЫЛЫ – КЕЗЕКТІ НАУҚАН ЕМЕС»

Қазақстан Президенті волонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын және волонтерлікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, насихаттайтын фронт-офистің жұмысымен танысты.  Сондай-ақ Мемлекет басшысына «Qazvolunteеr.kz» онлайн-платформасы көрсетілді. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде  Волонтер жылында көптеген ауқымды жобалар қолға алынатынын атап өтті.

– Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – көне заманнан келе жатқан дәстүр.  Бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын АСАР дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлік бастамаларға белсенді түрде тартуды ұсынды.

– Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам еріктілерін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Президенттің пікірінше, мемлекет волонтерліктің инфрақұрылымын қалыптастыруға қолдау көрсетуі тиіс. Оның ішінде,  аймақтық фронт-офистер барлық еріктілерге өз идеяларын немесе нақты волонтерлік жобаларын іске асыруға көмектесуі қажет.

– Волонтер жылы – кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара соңында Қазақстан Президентіне «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Saýlyq», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Taza Álem», «Birgemiz: Úmit» секілді жобалар таныстырылды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған