СЫПАЙЫ ТОНАУШЫЛАРҒА АЛДАНБАҢЫЗ немесе Жаңа жылда жанашырлар неге көбейеді?

Желтоқсан мен қаңтар айларында «Жаңажылдық ұсыныс» немесе «Жаппай сатылым» секілді жарнама түрі көбейеді. Барлығының мазмұны мынадай: ақшасыз барып-ақ арзан әрі тиімді төлеу мүмкіндігімен кез келген тауарға ие бола аласыз. Расында солай ма?

Банктер мен ірі сауда орындары аяқ астынан халыққа сыйлық жасауды ойластырыпты. Бағасы күн санап өсіп жатқан тауарларды арзан және бөліп төлеуге береді. Қаласаңыз 1 жылға немесе 26 айға дейін заттың өз құнын бөліп төлейсіз. Бір теңге де артық ақы талап етпейді.

Не деген жомарттық десеңізші. «Қара халықтың жағдайын ойлайтындар да бар екен-ау» деп ішіңіз жылып қалды ма? Кенеттен сіздің де мәрттігіңіз оянып, әйеліңізге смартфон, бала-шағаңызға теледидар, үйдің үлкеніне планшет алып бергіңіз келіп кетті ме? Таныс сезім. Біз де сөйттік. Бірден ірі сауда дүкендеріне қарай тартып отырдық. Бірақ табалдырықты аттағаннан-ақ сыпайы тонаушыларға тап болғанымызды түсіндік. Әйтсе де туған бауырыңыздай болып, тауардың қайсысы тиімді екенін түсіндіріп жүрген «жанашырдың» шын пиғылын көп адам аңғара бермейді екен. Ендеше, алдануға аттанбас бұрын біздің кеңеске бір көз жүгіртіп алыңыз.

 

ТАУАР НЕГЕ АРЗАНДАДЫ?

Дүкенге кіргеннен тауарлардың біршама арзандап қалғанын көзіңіз шалады. Бұл келушілерді алдаудың алғашқы тәсілі. «Қазір алып қалсам, ұтады екенмін ғой» деген ой санаңызда жылт етеді түседі. «Бізде қазір акция болып жатыр» дейді сізді қарсы алған жанашыр ойыңызды пысықтай түсіп. Бұрын 100000 болып тұрған техника 99990 теңгеге арзандап кеткен. Ескі бағаны бел ортасынан сызып тастап, жаңасын үлкендеу етіп көз алдыңызға ойнатып қойған. Түһ, жомарттық деп осыны айт. Бұрын алты саннан тұратын бағаны бес санға дейін түсіріп тастапты.

Иә, олардың мәрттігіне таңданып жүріп тауардың 10 теңгеге ғана арзандағанына мән беріп жатпайсыз. Бұл да көзді алдау үшін жиі қолданылатын тәсілге айналған. Негізі бұрын тұрған баға 99990 болған. Акция кезінде 100000 секілді ойына келген бағаны қойып, белінен сызып тастай салады. Біз соған алданамыз.

ЕСКЕРТУ: дүкенге бармас бұрын олардың интернет дүкенін бір шолып шығыңыз. Қазір барлық ірі сауда орындарының онлайн дүкендері бар. Мысалы, интернетте 90590 болып тұрған баға дүкенде 100590 теңгені көрсетіп тұруы мүмкін. Сіз мұндай айырмашылықты байқап қойсаңыз да сатушыны ұялтып, қызарта алмайсыз. Олардың жауабы дайын. «Бағаны ауыстырамыз деп ұмытып кетіппіз, қазір ауыстырып қоямыз» дейді саспастан.

 

НЕГЕ ДҮКЕННЕН КӨП АЛУ КЕРЕК?

Үйден «ары кетсе 100000 теңге шамасында тұратын затты ғана аламын» деген оймен шығасыз. Біраздан соң 200000-300000 теңге шамасында тауар іздеп жүргеніңізді аңғарасыз. Сізді айнытқан кім? Әрине, сатушы.

«Банктен жүз мыңға несие шықпайды» немесе «Жүз мыңды бөліп төлеуге банк бермейді, тағы бір зат алсаңызшы» дегенді қайталаумен болады. Ондайда әйеліңіз бен бала-шағаңыз өздеріне қажетті заттардың тізімін ұсына қояды. Сөйтіп, ойлағаныңыздан бірнеше есе көп қаражатқа сауда жасап қойғаныңызды аңғармай қаласыз.

ЕСКЕРТУ: тауарды несиеге немесе бөліп төлеуге беріп жатқан соң тегін алғандай болып көрінетіні белгілі. Ертең төлейтін күн жақындағанда қиналып қалмас үшін сатушының сөзіне емес, қалтаңызға сенгеніңіз дұрыс. Сатушы пайда табу үшін сізге тауарларды бірінен соң бірін ұсына беруге бар. Ал шындығында беретін банк 50000 теңгеге алсаңыз да, 200000-300000 теңгеге сұрасаңыз да береді. Ең бастысы, несие тарихыңыз таза, зейнетақы қорыңызға ақша дұрыс аударылып тұрса болғаны.

 

ҚОСЫМША ҚЫЗМЕТТЕР ҚАЖЕТ ПЕ?

Қайсысы дұрыс, қандай артықшылығы бар екенін түсіндіріп жүрген сатушының сөзі қажетті техниканы таңдаған соң өзгере бастайды. Мысалы, смартфон таңдасаңыз, қосымша бір жылға тегін сервистік қызметті қосуға кеңес береді. Келіссеңіз, смартфонға қорғаушы тысын, әйнегін алуды ұсынады. Теледидар таңдай қалсаңыз, оған да қажетті керек-жарақ көбейеді. Бара салып тамашалау үшін сол жерде бабына келтіріп (настройка) алған дұрыс екенін айтады. Бір-екі артықшылықтарын атап, оны да жігіттері реттеп бере алатын білдіріп, қызықтыра түседі. Электр энергиясы бірден азайып немесе артып кеткен жағдайда теледидар күйіп кетпеуі үшін электр тоғының тербелуін ретке салып тұратын жабдық (стабилизатор) алу қажеттігін ескертеді. Әрине, әжептеуір ақшаға алғалы тұрған техникаңыздың тез істен шығып қалғанын қаламайсыз. Оның жарнамасына елітіп, бәріне еріксіз келісе бересіз. Келіспей қалған жағдайда, «Сізге несие шықпай қалады» деп қорқытып қоятыны бар.

ЕСКЕРТУ: «Сізге несие шықпай қалады» дегенінен қорқып сатушы ұсынғанның бәріне келісе бермеңіз. Тіпті, өзіңіз таңдаған техниканы ғана алып, басқасына келіспесеңіз де болады. Өйткені, сатушының кеңесімен қосылғанның барлығы артық шығын.

Біріншіден, техникалардың басым бөлігіне өндірушілер 1 жылға кепілдік береді. Ал смартфон мен теледидарға қосымша бір жылға тегін сервистік қызметті қосудың қажеті шамалы. Тегін деп әдемі айтқанымен, ол қызметке де 10000 теңгенің айналасында ақы қосылады. Бұл бір жылдан кейін сіз алған техника бұзылып қалған жағдайда көрсетілетін қызмет. Онда да ол техника өздігінен бұзылса ғана. Егер сыртқы соққы әсерінен немесе сіз орнатқан қосымша бағдарламалардың салдарынан істен шықса, сервис орталығы тегін қызмет көрсетпейді. Ақауы бар техника өндіруші кепілдік берген бір жылдың ішінде-ақ белгілі болады. Ол уақытта бұзылмаған техниканың келесі жылы сыр беруі екіталай. Демек, тегін сервистік қызметке берілетін ақының жәй ғана шығын болып қалу мүмкіндігі мол.

Екіншіден, смартфонның әйнегі, тысы немесе теледидардың астына қоятыны дегендердің барлығы кейін қосылатындықтан, олардың бағалары әлдеқайда жоғары болады. Оны кейін кез келген сауда орнынан 2-3 есе арзанға ала аласыз. Сондықтан бұл шығындардан да аулақ болғаныңыз абзал.

Үшіншіден, сіз алған техникаға қосымша алмасаңыз болмайтындай болып көрінген заттың шын мәнінде түкке де қажет болмауы ықтимал. Мысалы, электр тоғының тербелуін ретке салып тұратын жабдық қазіргі теледидарларға қажет емес. Өйткені, соңғы жылдарда шыққан теледидарлардың барлығында электр тоғының тербелуін өздігінен реттеп отыратын құрылғысы бар. Электр тоғы күрт кеміп кетсе, өшіп қалады. Ток реттелген соң қайта қоса аласыз. Ал бірден артып кетсе, сақтандырғышы (предохранитель) күйіп кетеді. Оны ауыстыру оңай. Тіпті, соңғы техникаларда өздігінен қалыпқа келетін сақтандырғыштар орнатылған.

Төртіншіден, техникаларды бабына келтірудің түк те қиындығы жоқ. Қазіргі жастар оны өздері-ақ реттеп алады. Немесе қалай бабына келтіруді интернеттен тауып алып, нұсқаулығына қарап отырып-ақ өзіңіз дұрыстап аласыз. Оған да ақы төлеу – артық шығын.

 

СОҢҒЫ ТОНАУШЫ

Алушының аңқаулығын банк қызметкері де пайдаланып қалуға тырысады. «Соңғы тонаушы» деп отырғанымыз да сол. Сатушы сізді банк қызметкеріне жіберген соң, ары қарай талапты қоятын да сол. Барлығын есептеп береді. Ай сайынғы төлейтін ақыны 24-ке көбейтіп кеп жібересіз. Бәрі дұрыс секілді. «Заттың өз бағасын бөліп төлейсіз, оған пайыз қосылмайды» деп бір мәз етіп қояды. Сосын «Банктің қызметіне 19990 теңге қосылады. 24 айға бөлгенде бір айға қосылатыны мың теңге де болмайды екен» дейді жәй ғана. «Көп емес екен ғой» деген оймен келіссеңіз, қосымша 20000 теңге қосылады деген сөз. Келіспесеңіз, банк қызметін тағы төмендетіп, саудаласа бастайды.

ЕСКЕРТУ: банк қызметіне ақысын сатып алушыдан алмайды. Банк пен сауда орталығы арасында келісім-шарт бар. Олар екі жаққа да тиімді болатын бағаны белгілеген соң ғана тауарды саудаға қояды. Яғни, екі тараптың пайдасы да сол бағаның ішінде. Банк қызметі жайлы талап қойып отырған «тонаушының» соңғысы екенін естен шығармаңыз. Қызметіне қаласа 20000 теңге ұсынып немесе 10000 теңге түсіріп саудаласатындай ол базарда отырған жоқ. Заңды, төленуге тиіс ақы болса, қызметкер олай саудаласа алмас еді. Сондықтан өтініш жіберерде банк қызметін қосудан бас тартыңыз. Ал өз пайдасын алдын ала ойластырып қойған банктің сіздің өтінішіңізді қосымша қызметсіз-ақ қабыл алады.

 

СОҢҒЫ СӨЗ

Біздің жазып отырғанымыз, жәй ғана техника алуға барғанда болатын жағдай. Бүгінде қай салада болсын, момын екеніңізді байқаса, қалтаңызды қағу үшін түрлі қызмет түрлерін ойлап табатындар бар. Сондықтан, қайда жүрсеңіз де сауатты екеніңізді көрсетіп қою қажет. Ол үшін аз уақыт бөліп, барар жеріңіз және алатын затыңыз жайлы мәліметке қанығып алғаныңыз абзал. Анықтауға арнаған бірнеше минут сізді қалтаңыздағы бірнеше мыңды қолды болудан қорғайды. Абай болыңыз! Алданбаңыз!

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған