«ШТАБТЫҢ ҚҰРАМЫНДА БІРДЕ-БІР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ЖОҚ»

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағарту штабының мүшелері үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Сындарлы диалог құру және кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы парасаттылық қағидаттарын дамытуды және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды мақсат еткен Штаб мүшелері алғашқы кездесуін қала активімен өткізді.

Жиынға қала әкімі М.Әйтенов, республикалық үгіт-насихат штабының басшысы Ы.Тұрсынзада, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өкілі А.Бердалин, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен арнайы мониторингтік топтың мүшелері қатысты.

Агенттіктің өкілі Арман Бердалин штаб құрудың қоғам алдындағы маңызын түсіндіріп, сыбайластықтың алдын алуда қоғамдық санаға серпіліс жасау қажеттігін атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек. Штабтың құрамында бірде-бір мемлекеттік қызметші жоқ. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұрпақты тәрбиелеу жолында еселі еңбек етіп жүрген азаматтар. Штабқа мүше боламын, жемқорлыққа бей-жай қарамаймын, адалдық принципіне үлес қоссам деген азаматтар болса, бәріне есігіміз ашық, – деді Агенттіктің ресми өкілі А.Бердалин.

Штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада ұрпақ тәрбиесі жөнінде салмақты ойларын айтып, штаб жұмысын қоғам болып жандандыру қажеттігін жеткізді.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағарту штабы жұмысын өткен жылдың соңында бастап, қазіргі таңда бірқатар ұжымдармен, жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған