ҚОНАЕВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІН ҚОЯТЫН ОРЫН ТАБЫЛМАЙ ТҰРҒАНЫ ҚАЛАЙ?!

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Қазақстан – егіз ұғым іспеттес. Бұл екеуін ешуақытта бөле-жара қарауға болмайды. Дәріптеп айтқанда, жүз жылда бір-ақ рет дүниеге келетін ұлы тұлға.

Ол 1912 жылы 12 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Көпбалалы отбасында Әмина, Маймуна, Вазиля, Нейля, Гауһар, Сара, Роза, Дінмұхамед, Асқар есімді тоғыз перзент өсіп-тәрбиеленген. Халқы еркелетіп Димаш деп атайтын Дінмұхамед Ахметұлы – Қазақстан Ғылым академиясының академигі (1952), техника ғылымының докторы (1969), үш мәрте Социалистік Еңбек Ері (1972, 1976, 1982). Мәскеудегі түсті металдар және алтын институтын бітірген (1936). Балқаш, Алтай, Риддер, Лениногор кен орындарында басшы қызмет атқарған (1936-1942). Қазақ КСР-і Халық Комиссарлары Кеңесі, кейіннен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары (1942-1952) болған. Қазақстан Ғылым академиясының президенті (1952-1955) болып сайланған. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы (1955-1960 және 1962-1964), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы (1960-1962 және 1964-1986 жылдары), Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі (1971-1987) болған. Өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнаған, ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарған.

Жауапты басшылық қызмет атқара жүріп республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосқан. Республиканы басқарған жылдары Қазақстанда жаңа өнеркәсіпті аудандар қалыптасқан, елде жаңа 47 қала мен ірі елді мекендер пайда болған. Павлодар-Екібастұз отын-қуат кешені, Қарағандыда ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су электр стансасы, Павлодар трактор зауыты, тағы басқа кәсіпорындар сол кезде іске қосылған. Маңғыстаудағы мұнай кен орындары игерілген, теміржол құрылысы, көлік түрлері дамыған. Республика титан, магний, синтетикалық каучук өндіре бастаған. Электротехника, мәшине жасау, химия салалары жедел дамыған. Жезқазған, Маңғыстау және Торғай облыстары шаңырақ көтерген. Алматы облысының Кербұлақ алқабын игеруге, Қапшағай су қоймасын, Үлкен Алматы каналын салуға ерекше көңіл бөлген. Өкінішке қарай, Қазақстан экономикасы жалпы алғанда Одақ үшін шикізат базасы бағытында дамыған, мұнда көп жағдайда өнім шығаруға қол жетпеген. Бүкіл Кеңес одағына тән экономиканың милитарлануы Қазақстанда да орын алған. Алматы, Өскемен, Петропавл, Орал, Степногорск, тағы басқа қалалардағы үлкен зауыттар әскери өнім шығарумен айналысқан. Қазақстанда кең алқаптарды алатын полигондар мен әскери өнім шығаратын кәсіпорындар экологияға орасан зор нұқсан келтірген.

Ғалым ретінде «Қоңырат руднигіндегі бұрғылау-жару жұмыстары» монографиясы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Ғылыми еңбектері кен орындарын ашық әдіспен қазу теориясы мен тәжірибесінің аса маңызды мәселелеріне арналған. Карьерлерде кен өндірудің тиімді әдістерін зерттеумен және оларды өндіріске ендірумен етене айналысқан. Зерттеулері Қазақстанның кен қазу өнеркәсібінде өндіріс тиімділігін елеулі түрде арттыруға көмектескен. 100-ден астам ғылыми жарияланымның, соның ішінде «Қоңырат мыс кенін қазу» (1949), «Қазақстанда ашық әдіспен кен қазуды дамыту» монографиясының (1964), «Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты карьерлерінде кен қазу жұмыстарының технологиясын жетілдіру» (1966) атты ғылыми еңбектердің авторы. «О моем времени». Книга воспоминаний» (1992), «Өтті дәурен осылай» (1992), «От Сталина до Горбачева (в аспекте истории Казахстана)» (1994), «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп аталатын естелік-эссе кітаптары (1994) көзіқарақты оқырмандардың сүйікті туындыларына айналған.

Қазақстандағы әдебиет пен өнердегі, мәдениет пен ғылымдағы ахуалды әрдайым бақылап отырған. Республикаға басшылық жасаған тұста Қазақстанның бес томдық академиялық тарихы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. Төрткүл әлемге танымал ұлы классик жазушы Мұхтар Әуезовке, қазақ халқының қилы тарихы туралы «Көшпенділер» деп аталған трилогиялық роман жазумен ерекшеленген қаламгер Ілияс Есенберлинге, «Аз и Я» еңбегінің авторы Олжас Сүлейменовке қамқорлық танытып, оның сол кезеңдегі жас өнерпаздар – Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев секілді әнші, композиторларға қолдау көрсеткені қалың жұртшылыққа белгілі. Компартияның қылышынан қан тамып тұрған сонау бір жетпісінші жылдары атбасарлық қайынатасы Шәріп Янаевқа сағана салдырған.

Республика аумағының тұтастығын сақтап қалуда табандылық көрсеткен. Ол кезінде Өзбекстанға берілген Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіруші Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандарын (қазіргі ірілендірілген Мақтаарал ауданын) қайтарып алған. Қазақстанда Неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шыққан. Алматыны заманауи көрікті қалаға айналдыруға көп күш жұмсаған. Мұнда Республика сарайы, Қазақ мемлекеттік университетінің қалашығы, «Арасан» сауықтыру орталығы, рекордтар фабрикасы деп саналатын «Медеу» спорт кешені, тағы басқа ірі ғимараттар бой көтерген. Алматыны тасқыннан қорғау үшін Медеу сайында үлкен бөгет жасалған. Дипломатиялық сапармен Қытай Халық Республикасы, Америка Құрама Штаттары, Алжир, Уругвай, Иран, Италия, Үндістан, Корея, Египет, Болгария, Жапония, тағы басқа мемлекеттерде болған. Сол сапарларының бірі жайында «Қытай Халық Республикасындағы 30 күн» атты кітап жазған.

1976 жылы Алматыда ескерткіш орнатылған. ІІ-ХІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және ІІІ-ХІ сайланған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Сегіз рет Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

1985 жылы Михаил Сергеевич Горбачев КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы болып сайланғаннан кейін елде басталған қайта құру саясаты КСРО-ның басқа аймақтары сияқты Қазақстанда да қиындықтар мен кедергілер туғызған. Д. А. Қонаев қызметтен кетуге байлам жасаған. 1986 жылы 16 желтоқсанда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы КОКП Орталық Комитетінің Г. Разумовскийдің ұсынысымен оның орнына Геннадий Васильевич Колбинді сайлаған. Д. А. Қонаевтың орнына басқа ұлт өкілінің тағайындалуын қазақ халқы кемсітушілік ретінде қабылдаған. Мұның соңы КСРО-дағы ұлт саясатына қатысты халық көңілінде қордаланған наразылықтардың сыртқа шығуына алып келіп Желтоқсан көтерілісіне ұласқан. КОКП Орталық Комитеті Д. А. Қонаевты көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі деп санаған. Сөйтіп, 1987 жылы 26 маусымдағы пленумда оны «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген сылтаумен КОКП Орталық Комитетінің мүшелігінен босатқан. Көп кешікпей ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігінен де шығарылған.

1993 жылы 22 тамызда бақилық болған. Қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Ғылым академиясының Тау-кен және түсті металлургия институтына, еліміздің бірқатар мектептері, даңғылдары мен көшелеріне оның есімі берілген. Алматыда Д. А. Қонаев атында университет бар. 1992 жылы 13 қарашада Алматыда Халықаралық Д. А. Қонаев қоры құрылған. 2002 жылы 12 қаңтарда оның мұражай-үйі ашылған. Өмірінің соңғы сәтін өткізген Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылында (Жетісу қақпасы) 2003 жылы 15 тамызда арнайы құлпытас орнатылған. Шымкенттегі мұражайында да облыстық қор құрылған. Мұндағылар 2002 жылдың сәуір айынан бастап «Аталар сөзі» атты газет шығарып келеді.

Басқа жерді қайдам, шымкенттіктер жыл сайын Димекеңнің жарық дүниеге келген және өмірден қайтқан күндерін елеусіз қалдырған емес. Шырайлы шаһарымыздағы Қонаев даңғылының бойындағы ескерткіштің (суретте) алдына келіп, ұлы тұлғаға тағзым етуді игі дәстүрге айналдырған. Ескерткіштің алдына гүл шоқтарын қоюмен қоса-қабат ол жайында әсерлі естеліктер айтады. «Қайтпас» шағынауданындағы «Мақаш ата» тойханасында ас беріп, марқұмның асқақ әруағына Құран бағыштайды.

Әрине, мұның бәрі де сауап тірлік қой. Алайда көңілді күпті етіп жүрген мына бір жағдаятты да айтпай кетуге болмас. Шымкенттік Ержан Қалдыбаев есімді азамат осыдан жеті жыл бұрын қазақ халқының қос таутұлғасы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровтың еңселі ескерткішін жасаған. Таза қоладан құйылған ескерткіштің салмағы екі тоннаны құрайды. Кәсіпкер жігіт оны жасау үшін 200 мың доллар қаржысын сарп еткен. Амалы таусылғандықтан, тіпті өзі тұрған үйін де сатып жіберген. Өкінішке қарай, Шымқалада осы ескерткішті қоятын орын табылмай тұр. Дәлірегі, үлкенді- кішілі шенді-шекпенді шенеуніктер бұған онша ынта-ықылас танытып отырмаған сыңайлы. Бүгінде Димекеңнің бақилық болғанына ширек ғасыр толды. Осы бір датаға орайластырып, туған күні қарсаңында шырайлы шаһарымызда оның ескерткішіне орын табылып қалар, бәлкім.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.

 

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған