ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА ТОПТЫҚ ТӨБЕЛЕС, ҰРЫП-СОҒУ, ҚОРЛАУ ЖАҒДАЙЛАРЫ ЖИІЛЕП КЕТТІ

«31 қаңтар күні ҚР Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиевтің төрағалығымен бейнеконференц байланыс режимінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді» деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі С.М.Айтпаева, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия хатшылығының, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан.

Соңғы уақытта еліміздің бірқатар өңірлерінде білім беру ұйымдарында және одан тыс жерлерде оқушылар арасында топтық төбелес, ұрып-соғу және қорлау жағдайлары жиілеп кеткен. Өкінішке қарай, осындай жағдайлардың салдарынан Ақтөбе облысында бала қаза болды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша балалар арасындағы қылмыс саны 2018 жылы 2017 жылдың деңгейінде қалып отыр. Сонымен қатар, өңірлер бөлінісінде 2017 жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың саны Атырау облысында 39,6%-ға, Алматы қаласында 33,5%-ға, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында 18%-ға, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 11%-ға, Түркістан облысында 7,8%-ға артқан.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша 2018 жылы жасөспірімдердің қатысуымен құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасау фактілері туралы құқық қорғау органдарынан жасырғаны немесе дер кезінде хабарламағаны үшін білім беру ұйымдарының 170-тен астам қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

– Неліктен біздің қоғамда кәмелет жасқа толмағандармен жасалған қылмыс төңірегінде көптеп айтылып, ал сол қылмыстың жасалу себептеріне мүлдем мән берілмейді? Мысалы, 2018 жылы ішкі істер органдарында есепте тұрған кәмелетке толмағандардың саны 5102 бала болса, бүгінгі таңда бұл есептен қанша бала шығарылды? Бұл жасөспірімдердің 18 жасқа толуына байланысты ғана есептен шығарылғандығына сенімдімін. Сөзсіз, медицина мен білім беру саласына қатысты сұрақтардың барлығы маңызды. Алайда, бала және оның құқықтары туралы ұмытпаған жөн! Өкінішке қарай, органдар арасындағы байланыс айтарлықтай дәрежеде емес. Осы ретте әрбір өңір қылмыс жасаған кәмелетке толмаған жасөспірім бойынша ақпарат беріп, оқиғаның қандай себепке байланысты орын алғандығын анықтауы қажет. Оқиғаның себеп-салдары ғана емес, сондай-ақ аталмыш жағдайлардың алдын алу маңызды екенін естен шығармайық. Балалардың өмірі, қауіпсіздігі мен құқықтары орын алған бұл оқиғалардың көлеңкесінде қалып жатқанда біз қалай әлеуметтік дамыған қоғам бола аламыз?! – деді Сәуле Айтпаева.

Отырыс қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиев мектепке кіргізуге тыйым салынған заттардың тізімін бекітіп, бұл ретте ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды, мектеп инспекторларының мектептерде тұрақты болуын электрондық бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етуді тапсырды. Министр барлық өңірлерге балалардың құқықтары мен қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету сұрақтарына баса назар аударып, қандай да бір орын алған оқиғаға жедел әрі тиімді әрекет етуді жүктеді.

Фото: әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған