ЕЛІМІЗДЕ КАРАНТИНДІК ШЕКТЕУЛЕР БІРТІНДЕП АЛЫНА БАСТАЙДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Жиынға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейне байланыс режимі арқылы қатысты. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгін еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғанын, бірақ дерттің таралуы бәсеңдемей тұрғанын атап өтіп, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын айтты.

– Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстануымыз керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуы қажет, – деді Президент.

Президент Қазақстанның қаржы резерві жеткілікті әрі жұмыспен қамту және даму міндеттерін шешу үшін қажетті ресурстар бар екенін айтты.

– Дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқтала кетейін. Ең бастысы, барша қазақстандықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу үшін пайдалану жөніндегі тапсырмасын 1 шілдеге дейін аяқтауды жүктеді.

Президенттің пікірінше, әлеуметтік әділдік үшін жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке кіріс салығының үдемелі өлшемін енгізу мәселесін пысықтау керек. Мақсат – еңбекақы төлеудің  мейлінше кең тараған әрі жасырын тәсілін «көлеңкеден» шығару. Бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлеген азаматтарға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.

– Бұл азаматтардың өзімен-өзі қалып,  қайтадан «көлеңкеге» кетуіне жол бермеу керек. Қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік қолдауға, әлеуметтік көмекке, лайықты зейнетақыға, ең алдымен, заңды жұмыс істеп, салық төлегендер ғана қол жеткізе алады. Сондықтан уақытша жұмыссыз қалғандармен қатар осындай азаматтар да Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған