ЕҢБЕКТІҢ АРҚАСЫНДА ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІК АДАМДЫ БАҚЫТТЫ ЕТЕДІ

Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде жобаның екінші кезеңіне қатысушылардың жетістіктерімен танысты. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлады.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігін нығайту жолында жастарымыздың әлеуетін пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.

– Бәріңіз де – тәуелсіздіктің перзентісіздер. Біз – бабаларымыздың арманын жүзеге асырған ұрпақпыз. Енді сіздердің уақыттарыңыз келді. Мұны ұмытпауға тиіссіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы жобаға қатысушылардың жетістіктеріне тоқталып, жастардың тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өсуі үшін өз мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.

– Бәрі де адам мен оның ерік-жігеріне байланысты. Біз армандай білуге және көздеген мақсатымызға жету үшін әрекет етуге тиіспіз. Бұл байқауға қатысушылар – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сіздер өз еңбектеріңіздің нәтижелері арқылы бұл өмірде бәріне де қол жеткізуге болатынын көрсеттіңіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дәйекті дамыту ісіндегі белсенді жастардың рөлін атап өтті.

– Сіздердің әрқайсыңыз Қазақстанның болашағына үлес қосып келесіздер. Келешегіміз білімді, өзіне сенімді, бірнеше тілді меңгерген азаматтардың қолында. Оған сіздердің мүмкіндіктеріңіз жетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын дамытудың, ғылымның әлеуеті мен технологиялық прогрестің жетістіктерін пайдаланудың маңызды екеніне назар аударды.

– Барлық нәрсенің негізі еңбекте. Еңбектің арқасында жеткен жетістік адамды бақытты етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жобаға қатысушылардың бәріне ризашылық білдіріп, Қазақстан жастарын елімізді одан әрі дамыту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

 

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған