ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕМЕН ҰШТАСҚАН БІЛІМ

Ел болып ең алғаш еңсе түзеп, тәуелсіз елдің көшін ізгілікке  бұрған кезеңдерден бастап ұлттық тәрбиенің маңыздылығы да арта түскені белгілі. Осы орайда бүгінде сонау көштің беті жаңарған, өзгерген, алға жылжуға ұмтылған, енді даму жолына түскен жаңа Қазақстан бағытына бұрылғаны ақиқат. Осы тұста, білім беру, тағлымды тәрбие беру жұмыстары да жаңа заман талаптарына сай өзгерсе де, ұлттық тамырымыздан ажырап қалмаудың да жолдары қарастырылып, керемет методикалары жасалып жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда мен тәрбиеші ретінде менен тағлым мен тәрбие алып отырған оқушыларға ұлттық тәрбиені бүгінгі ұстанымға сай етіп сіңдіргім келеді.

Неліктен деген заңды сұрақ туады. Себебі қазақ халқы бала тәрбиесіне келгенде үлкен жауапкершілікпен қарап, тағлымды тәрбие беру жолында мықты мектеп қалыптастыра алған халық. Оның негізі сонау ықылым заманнан, тарих беттерінде жазылып қалған ақиқат. Қарапайым ғана бір мысал, бала тәрбиесінің негізі ұлттық болмыс пен ойын-сауық, қимыл қозғалыста екенін ата-бабаларымыз өте жақсы ұққан. Тіпті, алғашқы баланың тәрбиесін атасы мен әжесінің жауапкершілігіне берудің өзінде қандай тәрбиенің тереңдігі жатқаны белгілі. Себебі, енді ғана ана болған жас келіннің баламен шүйіркелесуге, оның болмысына, оның дамуына үлкен үлес қоса алмайтынын білгендіктен ата мен әже тәрбиесіне берген. Ал бұл тәрбие тетігі үлкен  мектеп деуге толық негіз бар.

 Біздің қазақ халқының заңғар тұлғаларының басым бөлігі ата мен әже тәрбиесін алғандар. Ұлы Абай атамыз Зере әжесінен тағлым алса, Шоқан Айғаным әжесінің тәрбиесін көрген, ал педагогиканың атасы саналатын Ыбырай Алтынсарин алғашқы тағлымды атасы Балқожа биден алған. Тарихқа үңілсек мұндай дәлелдерді көптеп кездестіруге болады. Ал сол ата-әжелеріміз балаларды қалай тәрбиелі, ойната жүріп ойлануға қимылдай жүріп ширақтыққа, асыр сала жүріп ептілікке үйретті. Мұның барлығының тұп төркінінде қимыл қозғалыс, ойын баласына ойынмен  ізгілік ұқтырып, жақсылық жұқтыра білген. Сондықтан бүгінгі тәрбие ортасы саналатын білім ошақтарында ұлттық ойындарымызға, ұлттық болмысымызға көбірек көңіл бөлініп жатқаны белгілі.

Осы орайда мен өзімнің 7 «Б» сынып оқушыларыммен  ұлттық тәрбиемен ұштасқан білімнің берері мен артықшылықтары туралы ой бөлісу тәрбие сағатын өткіздім. Балалар өте жақсы қабылдап, әр қайсысы өзінің ұлттық құндылық жайлы, ұлттық ойындарымыз жайлы пікірлерін айтып, пікірталас  ұйымдастыра алды.

Демек балаларға ой салып, оларды осы бағытқа жетелей жүріп тәрбиелеуге де болатынына тағы бір рет көз жеткіздім. Ұлттық болмысымыз қашанда бізді ізгілікке бастайтынын ұмытпайық.

Бекжанова Раушан Серікқызы

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Маржан Тасова

атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернаты»

коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиешісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған