ТҰТЫНУШЫ ҚАЙТАРҒАН ТАУАРДЫҢ АҚШАСЫН ҚАЛАЙ АЛАДЫ?

Дүкеннен тауар алған адам тұтынушы болып есептеледі. Ал тұтынушының өз құқықтары барын бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан тұтынушы өзіне ұнамай қалған немесе сапасы нашар тауарды, оған төлеген ақшасын қалай қайтара алатынына тоқталайық.

Тауарды қайтарған немесе айырбастаған уақытта ең маңызды екі нәрсе бар:

  • тауарлық немесе фискалды түбіртектің болуы;
  • тауарды сатып алған күннен бастап 14 күнде қайтару.

Егер тауарда ақау болмай, тұтынушыға оның түсі немесе функционалы ұнамаса, сатушы сатып алушыға тауарды айырбастап немесе ақшасын қайтарып беруге міндетті. Сондай-ақ айырбастайтын тауар болмаса, сатушы күнтізбелік он күнде айырбастап беруіне болады.

Ақшаны қайтару уақыты тауар құнын қалай төлегеніңізге байланысты. Қолма-қол ақшамен төлесеңіз, тауар ақшасы бірден кассада қайтарылады. Картамен төлеген жағдайда, қаражат белгілі бір уақыттан соң қайта картаңызға түседі. Осы орайда, ескеретін жайт – қайтаратын тауардың қолданылмаған болуы.

Бірақ қайтаруға жатпайтын тауарлар да болады. Олар:

  • дәрі-дәрмектер;
  • шұлық бұйымдары;
  • іш киімдер;
  • метражбен сатылатын тауарлар;
  • өсімдіктер мен жануарлар;
  • ұялы телефондар.

Егер сатушы қайтарып алудан немесе айырбастаудан бас тартса, құқығыңызды қорғау үшін қайда шағымдануға болады?

  • Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне @Kzpp_bot деген Telegram-бот арқылы;
  • Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің басшысының блогына;
  • Электрондық үкімет порталына;
  • +7 (7172) 75-06-42, 75-16-32, 74-98-32, 74-98-36 жедел нөмірлеріне хабарласып;
  • Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, Министрліктер үйі, 2-кіреберіс мекенжайы бойынша комитетке хат жолдап;
  • Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша шағымдарды қабылдайтын www.e-tutynushy.kz платформасына.

Есте сақтаңыз!

  • Әсіресе қымбат тауарды сатып алған уақытта өзіңізді тауармен бірге сол дүкенде суретке түсіргеніңіз жөн. Себебі дүкенде суретке түсуге тыйым салынбайды. Ал сіз сол сурет арқылы түбіртекті жоғалтқан немесе түбіртек берілмеген жағдайда дүкеннен тауар алғаныңызды дәлелдей аласыз.

Сақтық үшін сатып алған тауар түбіртегін, қаптамасын және құжатын кепілдік немесе пайдалану мерзімі аяқталғанша сақтаған абзал.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған