ТҰТЫНУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛҒАН ЖАҒДАЙДА ОЛ КІМГЕ ШАҒЫМДАНА АЛАТЫНЫН БІЛУІ ҮШІН ҚАЖЕТ

Көбінесе сауда, қоғамдық тамақтандыру немесе тұрмыстық қызмет көрсету орындарына барған кезде тұтынушының назарына ұсынылуы тиіс ақпаратты көрмейміз.

Ақпараттық стендтерде (буклеттерде) қандай ақпарат міндетті түрде болуы керек пе? Және қажетті ақпараттың жоқтығы үшін жауапкершілік көзделген бе?

Өткен жылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша сауда нысандарында міндетті ақпараттың жоқтығына байланысты жоспардан тыс тексеру өткізілген. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасын бұзғаны үшін барлық кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі өзінің атауын (фирмалық атауын), тұрған жерін (заңды мекенжайын) және жұмыс режимін тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында орналастыра отырып, көрсетілген ақпаратты тұтынушының назарына жеткізуге міндетті екені «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген.

Сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында уәкілетті органның және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің байланыс деректерін (мекенжайы мен телефон нөмірін), сондай-ақ тұтынушының өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін оларға немесе сотқа жүгіну құқығы туралы ақпаратты орналастыруға міндетті. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесі (қатысушысы) болған жағдайда, бұл туралы ақпарат тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында міндетті түрде орналастырылуға тиіс.

Бұл ақпарат сауда немесе қызмет көрсету объектісінің персоналы немесе басшылығы тұтынушының құқықтарын бұзған жағдайда ол кімге шағымдана алатынын білуі үшін қажет.

Заңмен тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына құқығы белгіленген. Құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін Заңда белгіленген тәртіппен сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға), тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға немесе тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісіне, сондай-ақ сотқа жүгінуге құқылы.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің байланыс деректерін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған.

ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК БАР?

Сатушының (дайындаушының, орындаушының), тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің байланыс деректері туралы ақпаратты, сондай-ақ өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін тұтынушының оларға жүгіну құқығы туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде орналастыру жөніндегі міндеттерін кәсіпкердің орындамауы, Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу болып табылады, оны жасағаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 190-бабы 5-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес «ескерту» түрінде әкімшілік жауаптылық көзделген.

ҚР ӘҚБтК-нің 190-бабының 6-бөлігіне сәйкес, егер осындай іс-әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса, бұл құқық бұзушылық үшін жеке тұлғаларға он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған