ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША ЖҮЙЕ ДЕГЕН НЕ?

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жүйе (e-tutynushy.kz) дегеніміз – тұтынушылар құқықтары туралы ақпарат қамтылған, құқығыңызбұзылған жағдайда сіз құқық қорғаушыларды таба алатын және сауда ұйымының өкілдеріне тікелей наразылық жолдауыңызға болатын онлайн-платформа. Аталған ұйым өз кезегінде сіздің өтінішіңізді қарап, көмек көрсетуге міндетті болады. Әйтпеген жағдайда өтініш сіздің тұтынушылық құқықтарыңызды қорғау үшін қажетті заңды шаралар қолданатын жауапты мемлекеттік органға барып түседі.

ӨТІНІШТІ ҚАЛАЙ БЕРУ КЕРЕК?

1. «Өтініш беру» батырмасын басыңыз.

2. Инстанцияны таңдаңыз. Егер сіз жеке бизнеске шағым бергіңіз келсе, «Бизнесті ұйымдастыру» бөлімін таңдаңыз.

3. Компания туралы ақпаратты толтырыңыз: ұйымның БСН, бизнес санаты, сатып алу күні мен уақыты.

4. Жағдайыңызды егжей-тегжейлі сипаттаңыз және өтінішті файлдармен толықтырыңыз: чек, түбіртек, жүкқұжат, фото және / немесе видео.

5. Өтініш жіберіңіз және жауап күтіңіз.

ӨТІНІШТІ ҚАРАУ

Біз сіздің өтінішіңізді ұйымға өңдеуге жібереміз. Егер осы ұйым платформада әлі тіркелмеген болса, онда жүгіну туралы хабарлама ұйымның бірінші басшысына eGov жеке кабинетіне жіберіледі.

ШЕШІМ

Өтінім мәртебесі көрсетілген хабарламаны SMS бойынша аласыз. Өтінішті шешу барысын «Менің өтініштерім» бөлімінен қадағалай аласыз.

Қандай құқықтық актілер, заңдар мен құжаттар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қатынастарды реттейді?

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қатынастар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңымен, Азаматтық кодекспен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекспен, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен, сондай-ақ қызмет саласына байланысты өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі:

– Қазақстан Республикасының Заңдары:

– «Сауда қызметін реттеу туралы»;

– «Тұрғын үй қатынастары туралы»;

– «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы»;

– «Автомобиль көлігі туралы»;

– «Теміржол көлігі туралы»;

– «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы»;

– «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы»;

– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы»;

– «Бағалы қағаздар рыногы туралы»;

– «Сақтандыру қызметі туралы»;

– «Микроқаржы ұйымдары туралы» және тағы басқалар.

Өндірушілер өнімнің құрамы туралы толық емес ақпарат бере алады ма немесе қызмет көрсету кезінде құнын арттыра алады ма?

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 24-бабына сәйкес, өндіруші тауар, сондай-ақ өндіруші туралы қазақ және орыс тілдерінде, толық, анық және уақтылы ақпарат беруге міндетті. Заңның 25 және 26-баптарына сәйкес, ақпарат мыналарды қамтуы тиіс:

– тауардың атауы;

– ұсынылатын жұмыстардың түрлері мен ерекшеліктері;

– сәйкестік белгісі;

– тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы мәліметтер;

– тауардың құрамы;

– дайындаушының тауар белгісі;

– тауар шығарылған ел;

– теңгедегі құны және тауарды сатып алу шарттары;

– кепілдік мерзімінің болуы немесе болмауы;

– тауардың дайындалған күні мен орны, қызмет ету мерзімі және (немесе) жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі;

– өндірушінің атауы (сатушы, Орындаушы).

– қазақ және орыс тілдеріндегі орналасқан жері мен жұмыс режимі және басқа да қажетті ақпарат.

Шарттың орындалуы тараптардың келісімімен белгіленген баға бойынша төленеді. Заңнамалық актілерде қарастырылған жағдайларда уәкілетті мемлекеттік органдар белгілейтін немесе реттейтін бағалар (тарифтер, бағалар, мөлшерлемелер және тағы басқалар) қолданылады. Шарт жасалғаннан кейін бағаны өзгертуге шартта, заңнамалық актілерде не заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен қарастырылған жағдайларда және талаптарда жол беріледі (Азаматтық кодекстің 385-бабы). Өндіруші тұтынушымен жасалған шартқа тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын талаптарды енгізбеуі тиіс. Тұтынушыға шартты бұзу құқығын берместен, өндірушіге бағаны ұлғайту мүмкіндігін беру шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзу болып табылады («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 8-1-бабы).

Анықтама: Әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ӘҚБтК 193 – бабы (жауапты орган – ТҚҚК) – сатып алушының өтініші бойынша тауар (оның шығарылған жері, дайындаушылары, тұтыну қасиеттері, кепілдік міндеттемелері) туралы қажетті ақпаратты бермеу бөлігінде. ӘҚБтК 193 – бабы (жауапты орган – ТРМК) – тауар (оның шығарылған жері, дайындаушылары, тұтыну қасиеттері, кепілдік міндеттемелері) туралы ұсынылған ақпараттың дұрыс еместігі, сондай-ақ оның техникалық регламенттердің, стандарттардың және нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес еместігі бөлігінде.

ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН СОТ АРҚЫЛЫ ҚОРҒАУ

Тұтынушының өзі не өзінің заңды мүдделерінің өкілі арқылы өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы. Бұл ретте «қазір және осында шеш» қағидаты бойынша үш сатылы тетіктің реттілігін сақтау жанжалды сотқа дейінгі тәртіппен шешуді (шығындарды, ресурстар мен уақытты барынша азайту) қамтамасыз ете алады. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушылардың мүдделеріне, оның ішінде тұтынушылардың айқындалмаған тобының мүдделеріне орай сотқа талап-арыз беруге құқылы («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 41-бабы). Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті және мемлекеттік органдар бір мәселе бойынша оннан астам тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда тұтынушылардың айқындалмаған тобының құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа жүгінеді («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 5 және 6-баптары).

ТҰТЫНУШЫҒА САПАСЫ ЛАЙЫҚСЫЗ ТАУАРДЫ САТУ КЕЗІНДЕГІ ҚҰҚЫҚТАРЫ

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 15-бабына сәйкес, тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша:

1) сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;

2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;

3) тауардың кемшіліктерін жою үшін өз шығындарын өтеуді;

4) ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;

5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;

6) шартты бұзу және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

Анықтама: Әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ӘҚБтК 190 – бабы (жауапты орган – ТҚҚК) – кепілдік мерзімі ішінде, егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленбесе, тауарды тұтынушыға берген күннен бастап екі жыл шегінде сапасы лайықсыз тауарды айырбастауды және қайтаруды қамтамасыз етпегені үшін.

ТҰТЫНУШЫНЫҢ ТИІСТІ САПАДАҒЫ ТАУАРДЫ АЛМАСТЫРУ ҚҰҚЫҒЫ

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14-бабына сәйкес, сатып алушы өзіне азық-түліктік емес тауар берілген кезден бастап, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, он төрт күн ішінде, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) жариялаған өзге де орындарда, бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, фасондағы, түстегі, жиынтықтағы және сол сияқты соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы. Айырбастау «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 30-бабында белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізіледі. Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтаруға және оған төленген ақша сомасын алуға құқылы. Егер шартта басқаша қарастырылмаса, тауарды сатып алу орны тауарды айырбастау немесе қайтару орны болып табылады.

Анықтама: Әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ӘҚБтК 190 – бабы (жауапты орган – ТҚҚК) – тауарды тұтынушыға берген күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде тиісті сападағы тауарды айырбастауды және қайтаруды қамтамасыз етпегені үшін.

ТҰТЫНУШЫ МЕН САТУШЫ АРАСЫНДАҒЫ ДАУЛЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ СОТҚА ДЕЙІН ШЕШУ

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 42-8 – бабына сәйкес, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) дауды осы Заңның 33-2-бабына сәйкес сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат орналастырған сатушы (дайындаушы, орындаушы) мүшесі болып табылатын тұтынушылық дауды сотқа дейін реттеу субъектісінің-төреліктің, медиатордың, тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің не ӨРҰ-ның қарауына беруді ұсынуға құқылы. Бұл ретте сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушымен келісуге және тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысуға құқылы. Тұтыну дауын сотқа дейінгі реттеу субъектісінің қарауына беру туралы келісім жазбаша нысанда рәсімделеді. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартқан жағдайда, тұтынушы уәкілетті органға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған