САЙЛАУ: 10 ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІК РЕСПУБЛИКАНЫҢ БАРЛЫҚ АУМАҒЫНДА БАЙҚАУ ЖҮРГІЗЕДІ

19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауында 10 қоғамдық бірлестік республиканың барлық аумағында байқау жүргізеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова мәлімдеді.

«Жарғыларында сайлауды байқау жөніндегі қызмет көрсетілген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеуге жатады. Саяси партиялардан байқауды жүзеге асыру үшін аккредиттеу талап етілмейді. Орталық сайлау комиссиясынан бастап жергілікті және аумақтық сайлау комиссиялары құжаттарды қабылдауда. Аккредиттеу тәртібіне сәйкес, республикалық қоғамдық бірлесіктер мен коммерциялық емес ұйымдар Орталық сайлау комиссиясына аккредиттеле алады. Тиісінше, аумақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады», – деді комиссия мүшесі.
Анастасия Щегорцованың айтуынша процедуралар мүмкіндігінше жеңілдетілгенін және аккредитация алу үшін тек 2 құжат қажет.
«Республикалық қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық ұйымдарға республиканың барлық аумағында барлық сайлауға қатысу құқығы беріледі. Өңірлік және қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық ұйымдарға олардың құрылымдық бөлімшелері бар облыстар шегінде барлық сайлауға қатысу құқығы беріледі. Тиісінше, жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар бір облыс ішінде 1 жыл ішінде барлық сайлауға қатысу құқығын алады», – деді ол.
Аккредиттелген ұйымдар дауыс беру күні өз байқаушыларын сайлау учаскелеріне жібереді. Ол үшін олар байқаушының тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып, оның өкілеттігін жазбаша нысанда куәландырып, мөрмен растауы керек.
«ОСК республика бойынша аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың тізілімін жүргізеді. Аумақтық сайлау комиссиялары тізілімге енгізу үшін өңірлік және жергілікті ұйымдарды тіркеу туралы деректерді ОСК-ге жібереді», – деді ОСК мүшесі.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ОСК 10 республикалық қоғамдық бірлестікті аккредиттеді.
«Олар: «HAQ», «Еркіндік қанаты», «Ел дауысы», «Азаматтық қорғау», «Electios&Democracy», «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы», «Ұлы көш», «Мұқалмас», «Жастар үні» және Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі қоғамдық қоры. Олар елдің барлық 20 аймағында байқауды жүзеге асыра алады. Аймақтық сайлау комиссиялары 201 ұйымға аккредиттеу туралы куәлік берді. Олар аккредиттелген және филиалдары бар облыстар шегінде барлық сайлауда байқауды жүзеге асыратын болады», – деді Анастасия Щегорцова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған