МЕНІ ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ ДЕП КҮТІП ЖҮР…

Әлі қазақша сөйлей алмай жүрген қандастарымызды ақтайтынымыз бар. Көбіне қоғамды кінәлаймыз, кеңестік дәуірді кінәлі дейміз, арасында мемлекетті де кінәлап аламыз. Неге тілге көңіл бөлмейді деп. Тек қана тіл білмейтін адам кінәлі емес. Қызық ….

 Сондай, тілін ұмытқандарға, білмейтіндерге мемлекетіміздің тілін тегін үйретеміз деп ұсыныс айта барғанда кейбірі шошына қарап, «мен қазақпын, қазақша білемін»,-деп орысша жауап қатып, есікті тарс жабатындарды көзіміз көріп жүр. Кейде қарның ашады, сансыз сұрақтардың жауабын іздеп түңіліп жүргенде маған қазақ тілін үйретіңіз деп, үкідей сары қыз келді. Жалпы өзге ұлт өкілдерінің тіл үйренемін деп келуі таңсық емес. Алғашқыда сондай көптің бірі екен,- деп ойлағанмын. Бірақ, бірге жұмыс істей келе сары қыздың талабы да тәрбиесі де өзгеше екенін ұқтым.

 Сары қызымның аты-жөні: Матвеева Наталья Сергейқызы. Қазақ отбасына келін болып түскен, тіл үйренуінің бір сыры осында жатыр. Жарайды, бұл жаңалық емес, қазаққа күйеуге шыққан өзге ұлт бойжеткендері аз ба дерсіз. Мұныңызбен де келісеміз. Наташаның артықшылығы тілмен бірге біздің, қазақ ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіруді мақсат еткендігінде. Оның ата-енесіне деген (жарын айтпай-ақ қояйын) махаббаты ерекше болды. Сабаққа келген сайын жаңалығын бөлісіп отырады. Бірде кеше маған атам хат жазыпты, хатында маған атаң, деп қойыпты, бұрын тәуелдік жалғауын білмейтін кезде түсінбейтін едім, қазір тәуелдік жалғауының тәуелділікті(жақындықты) білдіретінін білемін. Атаң деген жолды көргенде мен қатты қуандым. Неге десеңіз, атам мені қабылдағаны ғой, деп мәз-мейрам болып, қуанышымен бөлісті. Менде қуанып жатырмын. Енді бірде менің атам тәрбие жөнінде кітап іздеп жүр, маған кітап тауып беріңізші, атамның бір қажетіне жарайын, атамды қуантайын деп едім, деп келді. Шынайылық бас идіреді ғой, мен еріксіз кітап іздеуге кірістім. Келесі келгенінде енем сырқаттанып қалып еді, сол кісіні күтуім керек, маған тапсырманы үйге бере салыңызшы, енеме қарауым керек,-деп отыр. Жүрегім елжіреп «жарайды енеңіз жазылғанша келмей-ақ қойыңыз»,-демеймін бе, естіген жауабым мынандай болды.

Ол кісілер мені қашан қазақша сөйлейді екен,-деп күтіп жүр ғой, нәтижесін көрсетуім керек. Болмайды, ертең үй тапсырмамды көрсетуге келемін, – дейді. Қалай ғана риза болмайсың. Сары қызбен кездескен әр сабақтан соң біздің кейбір қыздарымыз осы қыздан үлгі алса ғой деген ойдың келгенін де жасырмаймын. Тілді де құрметтейді, жөнін біледі, ата-енесі мен күйеуіне деген ықыласы ерекше. Отбасына сіңу үшін барын салып, «ата+ң» деген сөздегі тәуелдік жалғауына қуанып, қызметін істеп жүр…

Осылай сары қызбен бірге тілді де салт-дәстүрді де меңгердік. Меңгердік емес –ау, орыс қызының бойына , болмысына сіңірдік. Өйткені оның қазақ ұлтына деген құрметі, қызығушылығы ерекше болды. Осылай ол қазақ отбасына өз баласындай сіңіп кетті. Ол маған әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Қазақтың санын көбейтемін дейді. Бұл Наташаның адамдық парызы, ұлтқа деген адалдығы.Соңғы рет хабарласқанында өзіміздің салт-дәстүріміз бен мәдениетіміздің дамуына үлесімді қосамын,- деді. Бұл енді Наташаның қоғам алдындағы азаматтық парызы. Мен қуандым. Тіліміз бен дәстүрімізге адал осындай шәкіртімнің болғанына. Тілді осылай сүйіп құрметтеу керек, біздің қазаққа. Әр қазаққа.

Гүлшахар ӨТЕБАЙҚЫЗЫ,

Шымкент қалалық

Тілдерді оқыту-әдістемелік орталық оқытушысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған