Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті облыста табиғи монополия субъектілеріне мемлекеттік реттеу мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады. Еліміздің біршама өңірімен қатар біздің өңірімізде қызмет етуші «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Түркістан өндірістік филиалының (Филиал) газ тарату қызметі бойынша мемлекеттік бақылау Департаментке жүктелген. Жалпы, Филиал облысымыздағы жеке және заңды тұлғаларды тауарлық газбен жабдықтаушы монополист субъекті болып табылады және Департамент тарапынан Филиалдың табиғи монополия субъектісі ретінде міндеттерінің сақталуына бақылау жүргізіледі.
Мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сай тексеру формасында жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ағымдағы жыл басынан бері Департаментпен Филиалға қатысты 8 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның 5 тексеру бойынша табиғи монополиялар саласындағы заң бұзушылықтар анықталды. Заң бұзушылықтар анықталған тексеру қорытындылармен 15 әкімшілік істері қозғалып, ол істер сот тәртібімен дәлелденіп, 60 млн. астам әкімшілік айыппұл салынды.
Филиалдың тарапынан заң бұзушылықтардың басым бөлігі – тұтынушыны газ таратушы желісіне қосу кезінде табиғи монополия субъектісінің желісіне қосылу тәртібі мен мерзімдері сақталмауы болып табылады. Табиғи монополиялар саласындағы заңнамаларға сәйкес, табиғи монополия субъектісінің желісіне қосылу ең бірінші сол субъектінің желісіне қосылуға техникалық шартты алумен басталады. Техникалық шарттар табиғи монополия субъектісі тарапынан, заңнамалық тұрғыда бас тартуларды қоспағанда, 2 және 5 жұмыс күні мерзімінде тұтынушыға берілуі міндетті.
Тұтынушы тарапынан техникалық шарттарға сәйкес жұмыстар аяқталып, ол бойынша табиғи монополия субъектісін хабардар еткен күннен бастап 2 жұмыс күн ішінде субъект тарапынан тексеріледі және жұмыстар техникалық шартқа сәйкес келген жағдайда 1 жұмыс күні ішінде қосылуға жатады. Алайда, Филиал тарапынан жоғарыдағы талаптар мен міндеттер орындалмай, заң бұзушылыққа жүйелі түрде жол беріліп келген. Сонымен қатар, Департамент тарапынан басқа мемлекеттік органдардан түскен ақпараттар негізінде Филиалға әкімшілік істер қозғалып, нәтижесімен 55 млн. астам әкімшілік айыппұлдар салынды және аталған сомалар мемлекеттік бюджетке өндірілді.
А.ЕГЕМБЕРГЕНОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары