БІЗ СПОРТШЫЛАРЫМЫЗБЕН МАҚТАНАМЫЗ!

Бүгінгі қоғамда нәзік жандылардың қызмет етпейтін саласы өте аз, тіпті жоқ деуге де болады. Төтенше жағдайлар саласында қызмет ету үшін кез-келген жанға үлкен шыдам, сабыр, дайындық, спортқа деген құлшыныс, дер кезінде шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік пен алға қойған мақсатқа жетуге деген ынта керек. Олар нәзік жанды болса да осы саланы таңдаған мықтылар.

Иә, Түркістан облысы төтенше жағдайлар  департаментінің қыздары жарап тұр. Биылдыққа өз салалары бойынша қатысқан сайыстардан жүлдемен оралып жүр. Демек, олар бесік тербете жүріп, қоғамның ізгілігін ойлай алған жандар. Олар нәзік жанды бола тұрып ер азаматтармен иық тіресе қызмет етіп, осы саланың үздіктері санатына енуде. Демек, кез-келген төтенше жағдай кезінде  Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінде қызмет ететін нәзік жандыларға өмірімізді сеніп тапсыруға болатыны ақиқат.  Неге олай деп отырғанымызды өздеріңіз де жақсы біліп тұрған шығарсыздар. Себебі, бұл салада тек өз өмірі үшін емес, өзгенің өмірі үшін, қоғам үшін, ел қауіпсіздігі үшін қызмет ететін жандар қызмет етеді. Бұл салада, өз басыңның амандығынан да өзгенің өмірі маңызды, әрі артылған жауапкершілігі зор болып тұрады. Міне, осылардың барлығын қатар алып жүріп, әрі чемпионатта топ жарған Түркістан облысының төтеншелік қыздарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сонымен, Қызылорда облысында «Қызылорда -2022» Қазақстан Республикасының өрт сөндіру құтқару спортынан ерлер арасындағы ХХVІІІ және әйелдер арасындағы VІІІ жазғы чемпионатқа Түркістан облысынан ерлер және әйелдер командасы қатысты. Тек қатысып қана қоймай әйелдер командасы үздік деп таныла алды.

Чемпионаттың 1 күні Әйелдер арасындағы шабуыл сатысымен оқу мұнарасының 2 қабатына жүгіруден жарыстың қорытындысы бойынша Түркістан облысының команда мүшесі Тұрсын Айдана 2 орынды иеленді. Жалпы командалық есеп бойынша  жарыстың 1 күні 1 орынды Нұр-Сұлтан қаласы, 2 орынды Ақмола облысы, 3 орынды өзіміздің жерлестеріміз яғни, Түркістан облысы иемденді.

Жарыстың 3 күні Түркістан облысы спортшыларының әйелдер құрамасы эстафеталық жарыс түрінен жалпы командалық есеп бойынша 1 орынды иеленді. 2 орынды Нұр-Сұлтан қаласы, 3 орынды Шымкент қаласы командалары жеңіп алды.

Жарыстың 4 күні яғни, соңғы шешуші күні Түркістан облысы спортшыларының әйелдер құрамасы жауынгерлік қанат жаю жарыс түрінен жалпы командалық есеп бойынша 1 орынды иеленді. 2 орынды Қызылорда облысы, 3 орынды Нұр-Сұлтан қаласы командалары жеңіп алды.

Қызылорда облысында «Қызылорда-2022» Қазақстан Республикасының өрт сөндіру құтқару спортынан ерлер арасындағы ХХVІІІ және әйелдер арасындағы VІІІ жазғы чемпионаттың  қорытындысы бойынша әйелдер арасында жалпы командалық есепте Түркістан облысының командасы 1 орынды, 2 орынды Нұр-Сұлтан қаласы, 3 орынды Алматы қаласы командалары жеңіп алды.

Өздерінің осынау жауапкершілігі мен жүгі ауыр саланы кездейсоқ  таңдамағандарын, өз мамандықтарына деген адалдық пен қатар үлкен сүйіспеншілік бар екенін дәлелдеп шыққан әйелдер құрамасына «Жарайсыздар!» дейміз. Тек қана алға. Жарыста емес, осынау мықтылықтарыңызды іс жүзінде де  дәлелдеп жүргендеріңіз ақиқат. Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментіндегі әрбір нәзік жанды аруға сәттілік тілейміз. Біз сіздермен мақтанамыз, марқаямыз!

НұрСая БАЗАРБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған