АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ

Қазақ топырағы небір алыптарды дүниеге келтірген қасиетті топырақ екені рас. Сол дала дарындар арасынан суырылып алға шыққан, бірi  ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушi, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов екені шындық. Абай мен Ыбырайдың «қазақ халқының көзін ашсам, оқыса, білсе, білімді болса» деген ой-армандарын іске асыру жолында аянбай еңбек еткен бірегей тұлға. Бүгінде қазақ әдебиеті үшін қалдырған мол мұрасы өзінің құндылығымен, әлі күнге қазақ тілі мен әдебиет әлемінде өзінің берер маңыздылығын жоғалтпағандығымен де құнды. Тартысты да, күреске толы ғұмырының барлығын қазақ халқының рухани тұрғыда дамуына, білімді болуына, қазақ баспасөз тiлiнiң ұлттық үлгiсiн көрсете білген талантты публицист.

Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысы, Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде, ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы дүниеге келген. Ол қазақ даласында қайшылық пен тартыс қатар жүрген шақта өмір сүрді. Өзі бала кезінен білімге құштар, сөз қадірін ұғатын бала болып өсті. Жастайынан өзгелерден ерекше екені бірден көзге түсіп, оқуға ұмтыла білгенімен де ерекшеленді. Міне, сол ұмтылысы, сол ізденісі ес білген шағында үлкен арманға, елге қызмет ету жолына, ағартушылық жолға, қазақ даласындағы келеңсіздіктермен күресе жүріп өз халқының білімді болуына аянбай тер төккен бірегей тұлға. Мен қызмет ететін Маржан Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернатының 7 «Г» сынып оқушыларына тау тұлға саналатын Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы жайлы «Ахмет Байтұрсынұлы ұлт жанашыры» атты тақырыпта ашық тәрбие сағатын өттім.

Бұл қазақ тілінің дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан ғалымның шығармаларына тағы бір рет ден қойып оқып, оның ұлт жанашыры ретіндегі жасаған еңбектеріне шолу жасап, балалардың бойына тұлғаға деген құрмет ояту үшін жасалған шара болатын. Оқушылардың бүгінгі таңда ізденуге, білуге, ақпараттарды тез алуға деген мүмкіндігі жоғары екенін баршамыз жақсы білеміз.  Осы тұрғыдан мен, әрбір оқушыға ұлты үшін өмірін арнаған тұлға жайлы деректер қарап, мәліметтер біле келуді ескертіп едім. Олардың ізденісі мені таң қалдырды. Әр қайысысы өзінше еңбектеніп, білімдерін арттырып, Ахмет Байтұрсынұлының жиі айтыла бермейтін, мектеп бағдарламасында қозғала бермейтін кей қырларын ашып, талқылай алды. Оның шығармаларынан үзінділер келтіре отырып ұлтқа деген жанашырлығының қалай туғанын, өмірінің соңғы жылдарына дейін баяндап бере алды. Еркіндеу форматта өткен ашық сабақ балаларға өте жақсы әсер етті. Олардың әрбірі Ахмет Байтұрсынұлын басқа қырынан тани алды деп толық сеніммен айта аламын.

Абай өз заманының мұңы мен зарын, өзі өмірге сүрген шақтағы келеңсіздіктерді айтып, қара сөзіне қосып, жазып қалдырған болса, Ахмет керісінше барынша ізденіске бет бұрып, өзінің ішкі арманын жүзеге асыру үшін нақты қадамдарға бара білгенімнен де ерекшеленеді. Бұл ұлтқа деген үлкен жанашырлық. Осы арқылы балалар ұлтын сүюге деген көзқарастарын аз да болса өзгерте алғаны мені қуантты.

Қай кезеңде болмасын, қай уақыт та болмасын Ахмет Байтұрсынұлының ұлт жанашыры екенін тарихтан ешқашан ешкім өшіріп тастай алмайды. Себебі, ол өз жанашырлығын іспен дәлелдей білген тұлға.

Қазақ әдебиетінің тарихында өлшеусіз еңбегімен, өзінің ұлтына деген ұлы сүйіспеншілігімен қала білген Ахмет Байтұрсынұлы қазақпен бірге мәңгі жасайтыны сөзсіз.

Токтарова Ляззат Турегельдиевна

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының

 «Маржан Тасова атындағы үш тілде

 оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернаты»

коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиешісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған