АДАМНЫҢ ІШКІ МӘДЕНИЕТІ – ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ

Біз қазір ақпараттық технологиялардың жылдам дамыған кезеңде, кез-келген жаңалық, кез-келген хабар өте жылдам құлаққа жететін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Дәл бүгінгі күнгі педагог мәртебесін сөз қозғаудан бұрын уақыттардың, кезеңдердің бет бұрысына назар салуымыз керек секілді. Сонау ықылым заманнан бері қазақ халқы ұстаздың білімі мен тәрбиесіне үлкен иек артқан, әрі ұстазды ұлықтаған.

Кешегі өткен Әл-Фараби бабамыз даналығымен елді аузына қарата тұрып, Аристотельді өзінің ұстазы санаған. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз да Сүйінбайға сыйынбай сөз бастамаған. Одан берідегі қазақтың зиялыларының әрбірінің қоғамда өз орнын табуға, білімін жетілдіруге, ұлтын сүюге, сол ұлттың мүддесі үшін еңбек ету жолында ішкі мәдениетінің қалыптасу жолында  өз ұстаздары болған. Демек бүгінгі ұстаздар, бүгінгі тәрбиешілер де оқушы бойында ішкі мәдениетті қалыптастыру  үшін  де тер төгіп еңбек етуі тиіс.

Біз қазір даму жолына түскен, сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті бар елде ғұмыр кешіп келеміз. Бүгінгі мәдениет жайлы сөз қозғамас бұрын қазақ атты дана халықтың өткеніне бір шолу жасап өткім келеді. Себебі, дала мәдениеті мен адами құндылықты, әдет-ғұрып арқылы көптеген дүниенің түйінін шеше білген ұлтпыз. Мәдени мұраларымыз, халық ауыз әдебиетіміз, сонау сан ғасырлық салт-дәстүрлеріміз қазақ халқының мәдениетінің биік, ұлттық болмысының мықты  болғанына дәлел бола алады.

Мәдениет деген бір ауыз сөзге қаншама құндылықты сыйғызып жіберуге болады. Оған өнер, кино, білім, кітап, ән, би, көркем сөз, әдебиет, кино, театр, музыка т.б. осылай жалғастыра беруге болады. Одан бөлек адамның ішкі мәдениетінің қалыптасуы ол үлкен бір қозғалыс, үнемі ізденіспен  келетін дүние деп ойлаймын. Бұл мәдениет тақырыбына кіретін құндылықтардың ішінде ең маңыздысы.  «Адамның ішкі мәдениеті -тәрбиенің бастауы» тақырыбында өткен ашық тәрбие сағатының ең басты мақсаты да оқушылардың ішкі мәдениетін қалыптастыруға деген көзқарастарын білу. Олардың осынау тақырып жайлы ойларын, пікірлерін біле отырып, тәрбиелік мәні бар тақырыптың төңірегінде жақсы пікір қалыптастыру болатын.  Мен қызмет ететін білім ошағының 7 «В» сынып оқушыларының ішкі мәдениетті қалыптастыру жайлы пікірлері өте дұрыс бағытта екенін байқадым. Олардың бір артықшылықтары ойларын еркін білдіре алады. Себебі, бүгінгі ұрпақ тәуелсіздігіміздің төл перзенттері. Ішкі мәдениетті қалыптастырудың ең басты жолы ол отбасында беріледі десе, енді бірі ішкі мәдениет адамның өзімен болмысымен біте қайнасып жататынын ұқтырғысы келді. Енді бірі – ішкі мәдениетті қалыптастыру үшін кітапты көп оқу керектігін айтты. Міне, олардың әр қайсысының пікірі де дұрыс, әрі оң пікір еді. Демек, бүгінгі жасөспірімдер ішкі мәдениетті қалыптастырудың қажет екенін, маңызды екенін, және қалай қалыптастыруға болатынын білетіні қуантты.

Қазақтың даңқты жазушыларының бір Олжас Сүлейменов : «Мәдениет дегеніміз – кісілер арасында адам болу өнері», – деп мәдениетке түсінік береді. Ал қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған, Кеңес заманындағы қазақ елінің дамуын да, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ елін де өз көзімен көрген заңғар жазушы Шерхан Мұртаза атамыз: «Мәдениеттің мәйегі – кітап», – деп пайымдама береді. Демек, мәдениетті болу үшін білімді, білікті, өз салаңның нағыз маманы болуың керек. Олай болу үшін де ішкі түйсік, ішкі мәдениет болу керек. Ал сол ішкі түйсік пен мәдениет дегеніңіз адамға ана сүтімен, әке қанымен берілетін қазақ халқы айтатын «тектіліктен» келіп шығатын секілді. Міне, бүгінгі жас өскіндердің пікірлері тау тұлғалардың пікірмен астасып жатқанын көрдім. Демек, ішкі мәдениетті қалыптастыруда осының барлығы керек екенін әрбір оқушы  ішкі жан дүниесімен сезіне білді. Мені қуантқаны да осы еді. Ішкі мәдениетімізді құлдыратып алмау әр адамның өз қолында екенін ұмытпайық.

Заурбекова Айнур Курманалиевна

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының

 «Маржан Тасова атындағы үш тілде

 оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернаты»

коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиешісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған