АДАЛДЫҒЫ ОПАТ ЕТКЕН ОТАРБЕКОВ

Ұрпақ сабақтастығының үлгісіне айналған тәртіп сақшылары – бүгінде қоғамдық қауіпсіздіктікті қамтамасыз ету жолында еліне қызмет етіп келеді. Әке аманатын арқалап, жолын жалғаған ұлдардың бірі – Бахтияр Отарбеков. Ол қашанда әкесінің қызметі, ерлігі жайлы естеліктерімен бөлісуге әзір. Өйткені, қызметіне адал болған әкесі Бибасар Отарбеков өзі үшін ғана емес, бүкіл ішкі істер органы қызметкерлеріне үлгі.

Әкеге деген сағынышпен әңгімесін бастаған Бахтияр:

Мен үнемі әкеме қарап бой түзейтінмін. Қызметтік формасын киіп, полицей боламын деп армандайтынмын. Әкем Бибасар Отарбеков 1953 жылы Бөген ауданы, Ақдала ауылында дүниеге келген. 1983 жылдың желтоқсан айында Арыс аудандық ІІБ учаскелік инспекторы болып қызметке орналасқан. Қызметте жүріп, мал ұрлығымен айналысып жүрген топтың ізіне түседі. Осы мақсатта, 1990 жылғы 10 желтоқсанда Арыс ауданы, Байырқұм ауылына кәнігі қылмыскерлерді іздестіру шараларын ұйымдастырады. Бал, сүт таситын көлікті тоқтатып, тексеру жүргізеді. Тексеріс барысында, үлкен темір ыдыстардан жаңа сойылған малдың етін байқап қалады. Ал күдіктілер болса, бұл жағдайда жылы жауып жіберу үшін инспектормен келісімге келмек болған. Алайда «Бәрі заң жүзінде шешіледі» деп қайсарлық танытқан инспектордың алған бетінен қайтпайтынын, қызметіне адал екенін көріп, жымысқы ойларын іске асырады. Әуелі пышақ жұмсап, іздерін суыту мақсатында Бибасар Отарбековты қызметтік автокөлігімен бірге өртеп жібереді. Қылмыстық оқиға болған аймаққа келген тексеру тобы, сарапшылар әкемді өзінің жеке нөмірінен ғана таниды. Сарапшылар, Ішкі істер қызметкерін, яғни әкемді қатігез қылмыскерлер жауыздықпен өлтіргенін дәлелдейді. Мал ұрлығымен айналысқан топ мүшелері сотталғанымен, топтың басшысы өз-өзіне қол жұмсап, жазадан құтылып кетті. Ол кезде әкем небәрі 37 жаста еді, деп асқар тауынан ерте айырылған өзегіндегі өкінішін білдірсе, бір жағынан әкесінің қылмыскерлермен қайтпай күресе білгені үшін мақтанатынын жеткізді.

Аталған оқиғадан кейін, 1991 жылы Бибасар Отарбеков КСРО Президентінің Жарлығына сәйкес «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Иә, елімізде қызметіне адал, шын берілген азаматтардың қатары көп. Ал осындай Қазақ елінің қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жандармен орын алатын оқыс жағдайлардың орны тіптен бөлек. Жүрек сыздағанымен, көнеміз.

Бір қуантатыны, Бибасардың артында ізін жалғар ұрпағының қалғаны. Бүгінде батырдың ұлы Бахтияр Отарбеков Арыс АПБ уақытша ұстау изоляторының бастығы, полиция капитаны лауазымында қызмет атқаруда. 4 бірдей ұлды тәрбиелеп отырған асыл әке. Өмірі өнегеге толы Бибасар Отарбековтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қызмет жолын болашақта немерелері де жалғастырары анық. Халықтың бейғам өмір сүруі үшін қызмет ететін тәртіп сақшысы атануға олардың құлшыныстары қазірден байқалады. Жас ұрпаққа ардагерлеріміздің қызметіндегі әрбір ісі үлгі. Ендеше, болашақ сақшыларға бүгінгі мақаламыз ой салар. Қызметтік міндетін жан-тәнін бере атқаратын Бибасардай азаматтарымыздың қатары көбейсін!

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған