ПРЕЗИДЕНТТІ МАҚТАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ немесе «Нұрстанның тарихы» поэмасы кімге арналған?

«Өзбекконцерт» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін уақытша атқарушы Азамат Хайдаров жиында сөз сөйлеп, мемлекет басшысына клип түсіруге, ән айтуға тыйым салды. Оның пікірінше, бұл этикаға сай келмейді» деп хабарлайды kaktakto.com сайты.

Бұдан былай қазіргі мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевті мадақтап ән шырқаған әншілер мен композиторлар лицензияларынан айрылуы мүмкін.

Жақында Мирзиеёвке арнап ән шырқаған өзбекстандық әнші Дильфуз Исмаилова сынның астында қалған. Арада екі апта өткенде Хайдаров осындай мәлімдеме жасап отыр.

«Осындай әсем жердің сұлтаны аман болсын» деп аталатын Исмаилованың әні Өзбекстан президентін мадақтайды. Оған «келбетті сұлтан», «Құдайдың жердегі көлеңкесі» және «әсем жердің сүйікті адамы» деген теңеулер айтылған.

Мадақ ән айтудан өзбек эстрадасының жұлдызы Юлдуз Усманова да қалыспапты. Оның «Самарқан» деп аталатын әні қайта өркендеген Өзбекстанға арналған. Усманова «Сіз болашаққа жол аштыңыз… азат Өзбекстан өткенге оралмайды» деп шырқайды.

 

АЛ КӨРШІ ЕЛДЕРДЕ ҚАЛАЙ?

Тәжіктер өзбек көршілерінен қалыс қалып тұрған жоқ. Өткен жылдың маусым айында Тәжікстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ато Мирходжидің «Нұрстанның тарихы» атты поэмасы жарыққа шыққан болатын. Онда ақын президент Эмомали Рахмонды Әли ибн Әбу Талиб (Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы) пен Иисус Христосқа теңейді.

Түркісменстанның мемлекеттік телеарнасында президент Бердімұхаммедовтің анасына арналған «Әлемге ұлы адамды сыйлаған» атты әннің көрсетілімі ұсынылды. Ал Бердімұхаммедовтің өзі ата-анасы мен атасына арнап кітап жазып шыққан.

Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолына арналған бес бөлімнен тұратын киноэпопея көрерменге жол тартқан.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған