САЛАҒА 75 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгені құрағанын, ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асқанын айтты. Салаға 75 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 184 579-ға жеткен.

Мемлекет басшысына су құбыры бұрын-соңды болмаған жеті елді мекеннің ауызсумен қамтамасыз етілгені жөнінде мәлімет берілді. Биыл 25 елді мекенге ауызсу құбырын тартып, тозығы жеткен сумен қамтамасыз ету желісін жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 56 елді мекен табиғи газ құбырына қосылып, 47 елді мекеннің электр желілері жаңартылады.

Облыс әкімі өткен жылы 54 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 21-і пайдалануға берілгенін жеткізді. Биыл тағы 20 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 63 білім мекемесінің құрылысы мақұлданды. Бұдан бөлек, биыл ауылдық жерлерде 49 медицина нысаны салынады.

Президентке Сырдария өзені бойындағы елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндалды. Алдын ала қамданғанның нәтижесінде бес аудандағы 43 елді мекенді су басу қаупі жойылған. Толассыз жауған нөсер жауын салдарынан бірқатар ауданда жекелеген үй аулаларын су басып қалғандықтан, 200-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір жағдай тұрақтанып, тұрғындар үйлеріне оралды. Арнайы комиссия шығын көлемін анықтап жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне былтыр өңірге жұмыс сапары барысында берген тасырмалары уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз етуді және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған