ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ

 Арайлы тілім, ақ пейіліңнен айналдым,

   Айбарлы тілім көзіндей көрем қайнардың,  – деп Темірхан Әбдіков айтқандай – қазақ тілі халқының ана тілі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға жеткен мәдени мұра. Сондықтан да қазақ тілі халқымыздың талай-талай ардагер қайраткерлерінің жар арқауына айналған. Айта кетсек, Сәбит Мұқановтың өлеңінде:

Әкемнің құты, шешемнің сүті,

Сіңірген тұла бойыма.

Бар асылын халықтың,

Лұғ-ат ұлы тарихтың,

Құйған сан ойыма.

Қазақ елім өркенде,

Бола бер күшті көркемде! – деп, айтылуы тегін емес.

Бұл пікіріміздің растығын кемеңгер Абай атамыз дәлелдеген болатын. Қазақ тілінің байлығы – қазақ халқының, қазақ ұлтының байлығы. Осы байлықты бағалай білуіміз керек. Сонда ғана біздің Қазақстан кез-келген жұртпен иық теңестіре алатын ілгері ел бола алады.   Тіл өнерін аса жоғары бағалаған халқымыз әр сөздің сапасына жетік көңіл бөліп, көркем сөйлеуге, әңгімелеу барысында тыңдаушысын баурап алуға, оларды тәрбиелеп отыруға ертеден-ақ көңіл бөлген.   Данышпан халқымыз тілді қару ретінде жұмсап, тауып сөйлер шешендігімен кейде өлім қаупінен де құтылып отырған. Мысалы: «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады,» – деп жағымды, әсерлі сөздер тауып айтуға шақырады.   Қазіргі қазақ тілі кез-келген әдебиетті басқа тілден аударуға, түрлі стильдерде сөйлеп, жазуға мүмкіндігі мол, кемелденген тіл. Қазақ тілінде мақал-мәтелдер, өлеңдер өте көп, оның бірі: Қадыр Мырзалиевтің «Ана тілі» атты өлең шумақтарынан көруге болады.

Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деген қазақта өлең жолдар өте көп.    Ұлы Абайдың аузынан мына бір ауыз өлең шумақтар тектен-текке шықпасқа, жайдан-жай айтылмаса керек.

Алыстан сермеп, жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып, қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған.

Толғаулы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Өткірдің жүзі, кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан, білмеске арзан,

Надандар бақыра ала алмас!

Мұндай  күрделі теңеулер тілдің мәнерлеу, бейнелеу құралдарының қыр-сырының молдығын көрсетсе, екінші жағынан оларды шебер пайдалана білудің мән-маңызын айқын танытса керек.    Әрбір өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз Абай атамыздай тәрбиеленсе, біздің тіліміз де, дініміз де мықты болмақ. Тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жылы тиіп, жүйкені басады.   Өкінішке орай туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді  жиі кездестіреміз. Соңғы кезде көптеген жастар ана тілімізде тұрпайы сөйлейді. Өз тілін сөйлеуден безу, ақ сүтін беріп асыраған анаңды ұмытумен бірдей. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау, арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Сондықтан да өз тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық!

Салтанат Макулбекова Берстемовна,

тәрбиеші, М.Тасова атындағы үш тілде

оқытатын мамандандырылған

№12 мектеп-интернаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған