ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ АЛАР ОРНЫ ЕРЕКШЕ

Қазақ деген бір ауыз сөзге бүкіл құндылықты сыйдыра алған ұлы халық қой. Сол ұлы халық бала тәрбиесіне де үлкен құрметпен қарап, оның болашағына, болмысына, мінезіне  жалпы тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған.  Ұл Абай атамыз: «Бала тәрбиесі басты байлығың, Кешіксең көретінің қайғы-мұң», – деп бекер айтпаса керек. 

Бала тәрбиесінің негізін бұрынырақта қазақ халқы ауыз әдебиетінен, түрлі тәрбиелік мәні бар ойындардан, сауық кештерінен, ұлттық тәрбиемізге тән салт-дәстүрлерімізден алған. Олай деуге негіз де бар. «Тәрбие басы тал бесік», – деген дана халқымыз  бала ана құрсағына біткен сәттен бастап, оны жалғыз қалдырмаған, оның жанында жайсыз хабар айтпаған. Жүкті ананың жанында ауыр сөз айтылмаған, жүкті анаға жайсыз хабарды мейлінше айтпауға тырысқан, жақсылық жаршысы болған хабарды да байыппен жеткізе білген. Бала туылған сәттен бесік жырын айтудан бастап, баланың құлағына жақсылықты, ізгілікті, ұлтжандылықты, тәрбиені сіңдіре білген. Бүгінге ғылыми зерттеулер де бала құрсақта жатып ана құлағына жететін дыбыстармен, оның ішкі  көңіл-күйімен, ана эмоциясының жай-күйімен  тығыз байланыста болып сол арқылы дамитынын айтып жүр. Ал, қазақ халқы мұндай ізгілікті сонау ықылым заманнан біліп,соны тәжрибеде қолдана білген. Демек, бала тәрбиесіне келгенде ата-бабаларымыздың ұлттық болмысына сүйене беруге әбден болады деуге негіз бар.

Елбасымыздың бастамасымен қолға алынып «Рухани жаңғыру» аясында іске асырылып жатқан бағдарламалардың барлығы дерлік  осы ұлттық болмысымызды  бүгінгі заманауи  технологиялармен біріктіре, қабаттастыра отырып дамуға негізделген. «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мақаласында да ұлттық болмысымызға негізделген біраз дүниелер қамтылған.

Осы орайда мектеп қабырғасында  тәрбиеші ретінде оқушылармен бірлесе отырып ұлттық құндылықтарымызға тоқталып, оның дамуы мен дамыту жайлы әңгіме қозғап, оқушылардың пікіріне құлақ түрдік.

Негізгі айтылған ойдың, пікірлердің түйініне келер болсақ:

  1. Ең алдымен отбасы мен қоршаған ортада ұлттық құндылықтарымызға көбірек мән беру керек.
  2. Салт-дәстүрлеріміздің бүгінгі қолданыс аясын кеңейте отырып оларды бір ізге салмаса да, бір бағытқа салу керек. Бұл бүгінде салт-дәстүр жиі көрініс беретін бесік той, сырға салу, қыз ұзату, тілашар сынды тойлардағы салт-дәстүрлердің әр қилы көрініс табуынан туған ой.
  3. Ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін мереке күні енгізілсе, әрине наурыздан бөлек.
  4. Ұлттық ойындарымыздың өзінің тәрбиелік мәні ерекше, оларды көбірек қолданысқа ендірсе.
  5. Ұстаздар мен ата-аналар, балалар бірлесе отырып ұлттық салт-дәстүрлеріміздің аясында жарыстар жиі тоқсан сайын ұйымдастырылып тұрса.

Міне, осылай балалар пікірі жалғаса береді. Демек , оқушылардың да санасы ұлттық құндылық негізіне қарсы емес. Олардың да бұл тұрғыда өз пікірі, ойы бар. Десе де, ең бастысы оқушылардың осы тақырыпта белсенділік танытып, пікір білдіріп ой қозғағанының өзі ұлттық құндылықтарымыздың  кейбіреулер айтып жүргендей ұмытылып, жоқ болып кетпейтініне тағы бір дәлелі іспетті.

  • Гүлнұр Оңласбекқызы Орхашова,
  • М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған
  • №12 мектеп-интернаты
  • Фото: Qasym.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған