ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ

«Бала жүрегіне жол таба білетін де, рухани азық беретін де – ұстаз». Бұл туралы бүгін мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» атты салтанатты жиында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов айтты.

– Әлемдік өркениетке бет бұрып, болашақ қазақ елінің ұрпақтарын тәрбиелеудің және білім берудің негізі ол – мектеп. Ұстаз деген сөз қаншалықты қысқа болғанымен арқалаған жүгі өте ауыр. Қадір-қасиеті өте терең. Сол себептен мұғалім болу әр адам баласының қолынан келетін болса, ұстаз болу үшін үлкен қасиет керек шығар. Себебі, ұстаз деген ұғым, өте қасиетті ұғым. Тек нағыз ұстаз ғана егемен елге лайықты ұрпақ тәрбиелей алады. Бала жүрегіне жол таба білетін, рухани азық беретін де – ұстаз. Бұған қала ұстаздарының бүгінгі таңдағы шынайы еңбектері дәлел, – деді өз құттықтауында қала басшысы.

Салтанатты шарада ұстаздардың ұстазы атанып жүрген Н.Байғұтов, Б.Көмекбаева, Қ.Апатанов, Т.Демеуова, Г.Атемова, С.Бахтығалиева, Н. Жүзбаева сынды ардагер ұстаздар мен білім саласына үлесін қосып жүрген бірқатар кәсіпкерлер қала әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталса, шәкірт жолында талмай еңбек еткен 7 мұғалім қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар, осы күні ұлағатты 5 ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен наградталса, 16 мұғалімге министрліктің «Құрмет грамотасы» және Алғыс хаттары табысталды. Бұдан бөлек, 5 педагог Шымкент қаласы мәслихатының Алғыс хатымен марапатталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған