ТІЛІМ – ТІРЕГІМ

        Тіл-халықтың тарихы. Әрі мәдениет пен өркениеттің тірегі. Жеке бір  халықтың тілін зерттей отырып, сол халықтың мәдениетімен танысасың. Өйткені, мемлекеттің тарихының дамуын көрсететін ол – тіл. Және адам қолындағы әмбебап құралдардың бірі. Қазақта «Сөз сүйектен өтеді», деп бекер айтпаған. Сөз-энергетикалық қару. Оны оңды-солды төге бермей, орынды  пайдалану керек. Бүгінгі ақпараттық технологиялар  ғасырында адамдар тез ойланып, сөздерді де жүйесіз айта беретін деңгейге түсіп кеткен. Цифрлы заманның пайдасы да зияны да бар. Қазір жастар арасында қысқа фразалар, SMS хабарламалар сәнге айналған. «Ѕмѕ текстер жастардың сауаттылығына қатты әсер етуде» дейді ұстаздар. Иә, алаңдаушылық танытуы орынды, себебі қысқа хабарламалардың негізгі пайдаланушылары өскелең ұрпақ. Тіл мәдениеті қалыптаспаған жастар қатеден көз ашпай жүр. Бұдан «Біздің болашағымыз сауатсыз мамандардың қолында» деген тұжырым шығады.

                Cоңғы жылдары жастардың көп бөлігі қалам мен қағаз ұстауды ұмытты. Сабақты да күнделікті қарым-қатынасты да электронды техникалардың көмегімен жүзеге асыруда. Заман дамып, цифрлы технологияларға басымдық беріліп жатқаны, әрине жақсы. Бірақ, кемшін тұсы да жоқ емес. Әлеуметтік желілерде сөздерді қысқартып жазып, қате жіберу сәнге айналып кеткендей… Сленгтерді орынсыз пайдалану нәтижесінде орфографиялық сауаттылық едәуір төмендеді. Адамдар телефон хабарламалар жазуға үйреніп қалғандықтан, шынайы өмірдегі кездесулерден бас тартқан. Таныстармен жүздесіп, арқа-жарқа әңгіме айту қалып барады. Демек, жазу ғана емес сөйлеу мәдениеті де ақсап барады.

          Ұялы байланыс индустриясы қауымдастығының (CTIA) жасаған статистикаға сәйкес, жастардың 40% -ы SMS және ватсап хабарламаларды қолданады. Мен өзім таныстарымның арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде: хабарлама жазған кезде 11%-ы қысқалығына, 20% – ы  жеткізу жылдамдығына, 69% – ы қате кетпеуіне назар аударады. Студенттердің 31%-ы SMS-хабарлама жазу барысында қате жібереді, 69% – ы қате жібермеуге мейлінше тырысады. Олардың ішінде 35% – ы қатесін өздері байқап, түзетеді, 65% – ы қателерді тіпті байқамайды да.

Ендігі салдары не болмақ? Жеделдік, нақтылық және уақытты үнемдеу смс жазудың артықшылығы. Ал, жазба жұмысы сөйлеу стиліне әсер ететін бірден бір фактор. Асығыс жазғаннан қате жаздым деудің зардабы ауыр. Смс хаттарда қалай жазсақ, сөйлегенде де сол оқылықтарды жіберіп жатырмыз. Нақты айтқанда жастардың сөйлеу мәдениетінің төмендегені байқалады. Мобильді хабарлама тілі жаргон сөздер мен заманауи сленг сөздердің санын арттырды. Тікелей байланыс SMS-хабарламамен алмастырылды. Осылайша, SMS-ті жастардың сөйлеу әрекетін қалыптастыратын құрал ретінде зерттеу проблемасы туындады.

Қазір өскелең ұрпақ компьютерлік ойындарға, әлеуметтік желіге тәуелді. Адамдармен байланыс болмағандықтан ұяң болып барады. Оларға әңгімелесушінің бетіне қарап сөз сөйлеу қиын. Ойын дұрыс жеткізе де алмайды. Комфорттық жағдайын бұзбай, телефон арқылы сөйлескенді жөн санайды.  

Қазіргі виртуалды коммуникация – виртуалды қарым-қатынас тілінің пайда болуына алып келді. Бұл тіл біздің күнделікті өмірімізге байқатпай ене бастады. Сол себепті қазіргі қазақ тілінің тазалығы мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Бір жағынан, сөйлеу бостандығы ойды қысылмай, ашық жеткізуге  мүмкіндік береді. Екінші жағынан, сауаттылыққа мән бермеу әр адамның өзіне байланысты. Ішкі мәдениеті дамыған болса, өз тіліне жанашырлықпен қарайтын еді. Қазіргі жастардың әңгімесін тыңдай отырып, әдептіліктің қалып бара жатқанын байқадық.

Бізге грамматиканы мектеп, университет қабырғасындағы мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар өмірдің өзі де үйретеді. Қалай десеңіз, күнделікті өмірде телефон жазбаларында жіберіп жүрген қателерді дұрыс деп санап жүргеніміз. Дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата алмай жатамыз. Әрбір адам SMS жазуда қазақ тілінің барлық қажетті нормаларын сақтау да ма? Бұл аса маңызды емес қой, деп ойлаған болар. Маңызсыз болып көрінген, интернет байланыс адамның жалпы дамуына әсер етуі мүмкін. Тұлғаның санасына, сауаттылығына, ойлау қабілетіне, тіпті мінезіне де әсер етіп жатыр. Көпшілік оны байқап та жүрген жоқ.

СМС хабарламалардың әсері туралы сұрақтарды достарыма қойып көрдім.  Олардың көпшілігі хабарламалардағы қателіктер мен қысқартулар сауаттылыққа мүлдем әсер етпейді деп ойлайды. «Неліктен жақсы араласатын досыма орфаграфиялық, пунктуациялық ережелерді сақтап жазуым керек, ол онсыз да түсінеді ғой», деп жауап бергендер болды. Енді бірі «Мен SMS  жазғанда жиі қате жіберемін, бірақ бұл менің сабақта немесе жұмыста сауатсыз жазатынымды білдірмейді, мен өзімді бақылауда ұстай аламын» – деп пікір білдірді. Тағы біреуі «Қате жіберу қалыпты, өйткені заманауи жастардың бәрі қатемен жазады», деп жауап қайтарды.

SMS – хабарламаларды сауатты жазып үйрену үшін:

* T9 бағдарламасын қолдануды үйрену;

* Жасөспірімдерге тілдің ерекшеліктерін түсіндіру, сөздердің бұрмалануына жол бермеу;

* Жасөспірімдерге SMS-хабарлама шынайы әлемдегі қарым-қатынасты алмастыра алмайтынын түсіндіру;

* Көркем әдебиетті көбірек оқу;

* Емле ережелерін мектептен бастап үйрету;

Сөз соңында SMS рөлі одан әрі арта береді деп айтуға болады. Өйткені жастар үшін тиімді функцияларға ие: жылдамдық, нақтылық, тиімділік деген сынды. Сондықтан олардың сауаттылыққа әсерін болдырмаудың жалғыз жолы – тілге жауаптылық танытуы. Патриоттық сезімнің болуы. Қате жіберу байқаусызда әдетке айналып кетпей тұрғанда, осы кезден бастап дұрыс  әдет қалыптастыру керек. Себебі, тіл біздің баға жетпес байлығымыз. Әлемдік аренаның биігінен көрінуге сеп болатын байрағымыз. Тілі мен діні өлген ел – тірі өлген ел. Сыйлы болу үшін алдымен өз тіліңді құрметтеуің керек. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Өз көңілімізді лайға айналдырмайық!

Әсет Гүлнұр Ақарысқызы

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық

 Қатынастар және әлем тілдері университеті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған