КОЛЛЕДЖДЕРДЕ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ТАПСЫРЫСЫ БОЙЫНША МАМАНДАР ДАЯРЛАНАДЫ

ҚР Білім және ғылым министрлігі кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты оқытуды енгізуде. Мұндай мемлекеттік тапсырыстың артықшылығы бар. Яғни студент колледжді бітіргеннен кейін тапсырыс берушінің кәсіпорнына жұмысқа орналасады. Биыл кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша 10 мыңнан астам талапкерді қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Баспасөз орталығы хабарлады.

– Мұндай ынтымақтастық білім беру бағдарламаларын жаңартуға және еңбек нарығының сұранысына сай кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Яғни белгілі бір мамандарға өтінім беру арқылы кәсіпорын өз өндірісіне сай дайындалған кадрларды алуға мүмкіндігі болады. Кәсіпорын колледж-студент-кәсіпорын үшжақты келісімшартына отырғаннан кейін оқуын аяқтаған студентті жұмысқа орналастыруға міндетті болатынын айта кетейін, – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, мұндай ынтымақтастық тек студенттер үшін ғана емес, сондай-ақ мұғалімдер үшін де тиімді. Өйткені келісімшарт жасалғаннан кейін педагогтер серіктес кәсіпорын базасында тағылымдамадан өте алады. Оқу нәтижесі бойынша кәсіпорын студенттерден қорытынды емтихан қабылдайды.

Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де нысаналы тапсырыс беріледі. Оларға мамандықтар тізімі бөлініп, түлектердің оқу мүмкіндіктеріне сәйкес жеке, бейімдеу бағдарламалары әзірленеді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған