КОМПАНИЯЛАР МЕН ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР БАЛАЛАР ДЕМАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ

Бүгін ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова 2019 жылғы жазғы кезеңде балалардың демалысын, сауықтыруды және іспен шұғылдануын ұйымдастыру мәселелері бойынша баяндама жасады.

Биыл мектептердің жанынан 11 мың лагерь ашылуда, 236 — қала сыртындағы, 1757 — шатырлы лагерлер. Лагерлердегі демалыспен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларының 80%-ын, айрықша білім қажеттілігіне мұқтаж балалардың 82%-ын және түрлі салада жетістікке жеткен, девиантты тәрбиедегі балалардың 90%-ын қамту көзделуде. 960 мың бала (33%) жазда құрылыс отрядтарына, орман шаруашылығына және көгалдандыру жұмыстарына тартылады.

Бұдан бөлек, оқушылардың 61% түрлі олимпиадалық резерв жазғы мектептері мен тіл мектептеріне, активистер мен көшбасшылардың мектептеріне қабылданатын болады. Арнайы аула клубтарының жұмысы жақсартылуда. Елімізде жазда 1,5 мыңға жуық аула клубы жұмыс істейді.

К. Шәмшидинова жазғы демалысты ұйымдастыруға қосымша демеушілер ресурсы да тартылатынын айтты.

— Былтыр экономиканың түрлі салаларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер осы шараға атсалысып, 504 млн теңгеге 4 324 баланың демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Биыл да бұл шара жалғасын табады, — деді білім және ғылым министрі.

Негізінен балалар жазғы демалыстарын өздерінің үйреншікті ортасында өткізеді. Балалардың 40%-ы өзінің тұрғылықты жерінен тысқары шығады. ҚР БҒМ олардың демалыс сапасын елімізде қалыптасқан инфрақұрылымды жан-жақты пайдалану арқылы жақсартуды ұсынады.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі тарапынан туристік және санаторий-курорттық ұйымдарды жандандыру, қазақстандық жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу, балалардың «Менің Отаным – Қазақстан» атты мәдени, тарихи, археологиялық ескерткіштерін зерттеуге бағытталған тақырыптық жорықтарға көптеп қатысуын қамтамасыз ету, қала сыртындағы лагерлер желісін дамыту ұсынылды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған