ӘЛЕМДІК КЕҢІСТІКТЕГІ АХМЕТ ЖӘНЕ ҰЛТ БЕЙНЕСІ

          Қалай ойлайсыз? Адамзат баласы тағдырына түскен таңдауды жасай ала ма? Әлде оның бақытты һәм бақытсыз болуы тәңірдің тарапынан берілген бұйрық арқылы жүзеге аса ма? Қалай дегенмен де ғалам үшін жасалған оның жақсылығын алдына кесе көлденең кескілей берген сол заманның сайқал саясаты салмақты ойларына селкеу түсіруге барын салып бақты. Қадірлі өмір айдыны оны аямады. Бәлкім оның таңдауы сол болған шығар. Ащы термен келген тәтті жемістің кермек дәмін сезгісі келген болар. Алайда тіршілік рухы оның жанын жайлылық пен әрленген әлемнің төріне шығармады. Есесіне жаһанға жария түрде жасаған жақсылығының қарымын тәңірі тарту етіп, ұлтының бейнесінде мәңгілік жаңғырып тұрарына сеніммен қараймын.

Саясаттың түсініп болмайтын астарлы тұңғиығы Ахмет өмірін қаншалықты қараңғы түнекке батырғысы келсе де, оның сағын ешкім сындыра алмады. Ұлт ұстазының ажарына қарап, қаймықпас қайсар рухы оны сол тереңге батырмағанын аңғару қиын емес. Неге десеңіз, бүгінде оның еңбегіне құлшына түрегеліп, қайран қалмаған қазақ жоқ шығар, сірә! Көптен күдерін үзген жұртты жарыққа шығарып, шамына айналғысы келіп, аянбай тер төккен кезде, бүгінгі ұрпағы біздер – жұдырықтай жүрегімізді басқара алмай қайғыны қолдан жасап жүрген жоқпыз ба? Осы ой еріксіз ойландырады. Неге дейсіз бе? Себебі, кез келген аяулы адамның келте ғұмыры көрінгенге кергілетіп қоярлықтай ұзақ емес еді ғой. Алайда қара басының қамы емес, қалың жұртшылығының қамы үшін ол талай туындыны жарыққа шығарып, тың ақпараттарды мұраға қалдырды. Иненің көзінен өтетін әр сөзі бүркіттің шеңгеліндей тура қадалғаны соншалық, оның сол заманғы қаламдастарына да өр айбын сыйлаған еді. Оған «Алашорда» үкіметінің зиялылары дәлел бола алады деп ойлаймын. Кең дүниені шарлаған айбары ұстаз өмірін ұшпаққа шығарды. Себебі, күре тамырына байланған тектілік пен тура жолдан тайдырмас қасиеттілігі мұратына жеткізіп тынды.

Соңында ұлт ұстазы мұратына жете алды ма? Иә, себебі оның әр еңбегінен өрге өрлеудің ұшқыны жалын шашады. Туындыларынанан көкірек тынысың ашылып, әлемге ерекше көзқараспен қарай бастайсың. Әлбетте мұндай туындылар некен-саяқ. Қазақтың бағына орай қайта туылмас жақұтты жауһарларымыз мұндай шын асылдың туындылары бір ғана емес, бірнеше тақырыптар мен мыңдаған тараулары қамтиды. Өйткені, оның ғылыми еңбектері ғана емес, өлеңдері, әдеби шығармалары кең таралғаны баршамызға белгілі. Жазылған жырлары мен жырдағы жолдарынан ұлт бейнесін қалыптастыруға арналған тың туындылары мол. Себебі, оның әдебиетімізді танытар «Әдебиет танытқышы», тіліміздің түбірінен бастап, бүгініне дейін баян ететін «Тіл-құралы», тіпті біз секілді ұстаздарға оқушылармен байланыс орнатуға арналған тың тәсілдері ешқашан шаң басып қалған емес. Керісінше жаңарып, жаңғыру үстінде.

Ұлт бейнесі осылайша Байтұрсынұлының бастаған сара жолымен жүріп келеді. Соның еңбектерін таратушы төл шәкірті ретінде мен өзімді есептеймін. Неге десеңіз, ұстаз ретінде оның өмірін балғын шәкірттерімнің санасына сіңіртуге менің де үлесім бар емес пе? Міне, оның әлемдік кеңістікке тарауына да дәл солай зор ықпалым тиіп жатыр деп ойлаймын. Себебі, бізді қоршаған кеңістік атаулысы таным көкжиегіңді арттыру үшін білімге мұқтаж, ілімге зәру. Сол үшін білім беруші мен білім алушы арасындағы байланыс одан әрі көркемделе түседі. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының туындылары қазақ халқын өз заманында сауаттылыққа шақырып, әйел теңдігін қозғап, өз алдына мемлекет болып дербес ел болуы үшін тер төгіп қана қоймай, білімділікке үндеген аса сауатты болғанын оқушыларымыздың санасына толық сіңіруді парызым деп білемін. Өйткені, әр оқушы – дәнек секілді. Дән қаншалықты сапалы егілсе, күтіммен бапталса, жайқалған өнім одан әрі жалғасын табары айдан анық. Ал кеңістіктегі әр адам мынау әлемнің бір бөлшегі болып қаланатындықтан оның бейнесі ғасырлар бойы ескірмейтіні бесенеден белгілі. Міне, кеңістік адамдардан құралғанымен қоғамның Ахмет секілді ұстаздары ұлт болмысына тікелей әсер ете алатынын дәлелдеді. Бүгінде оны қазақ даласы тегіс мойындап, «Ұлт ұстазы» деген есіммен ардақтап келеді.

Ойымды қорытар болсам, Ахмет Байтұрсынұлының келте ғұмыры сан түрлі кедергілерге қарамастан түптің түбінде қияға бойлап, саналы сәлеуге нұр боп сәулесін шаша алды. Кеңес үкіметі оның тәнін өлтіргенімен туындылары жанымызда көгілдір көлеңке болып бейнесімен мәңгі сақталмақ. Мынау ғалам сынаптай мөлтілдеген уақытқа тәуелді болғанымен оған деген құрмет пен алғыс тәуелсіздігіміздің бүгінгі күнінде құнын ешқашан құлдыратпайды. Оның сөз әлпеті құлақ тосқанның әрбірін, ал өзінің тағдырын тәуекелге байлады. Шын асылдың көңіл аспаны, көңіл ауаны тоқтағанымен еңбегін елер ұрпағы тоқтамақ емес.

Жетер жеріне жеткізе сөйлеген жігерлі жанның жалыны неге өшпеді? Өшпейді де, өйткені өлкесінің өрлеуі үшін әлем тартылысының танымын адамзат баласына таратқан ұстаздық ұғымы киелі екені анық. Ғасырлар тізбегі жалғасқанымен өзгермес қағида бары сөзсіз. Оған деген аяулы құрмет өз құндылығын құлдыратпауы керек. Оның басына түскен ауыр қиындықтарына қарамастан әрекетінен бас тартпауының бірден-бір себебі, «Ұстаздық» қасиетінің тылсым күші мен жауапты салмағы тура жолдан тайдырмағаны сөзсіз. Біздің заманның жауапкершілігі де дәл сондай ауыр әрі жауапты кезең. Себебі, ұлт бейнесі ұстаз арқылы айқын көрінеді емес пе?

Мадрахимова Мадина

11 «Б» сынып оқушысы,

Жетекшісі:

Абдухаликова Набира Гуломидиновна,

 №10 Асыл мұра ЖОМ коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі пәні мұғалімі,

Мақтарал ауданы, Түркістан облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған