АБАЙ ЖӘНЕ ТАБИҒАТ

Қазақ үшін құны қымбат мұра қалдырған , тек қазақ үшін емес адамзаттың Абайына айналып адамзаттың игілігі үшін қызмет еткен Абай Құнанбайұлының шығармаларында табиғат ерекше суреттеледі. Адам мен табиғаттың үндестігін әдемі бере білген. Жыл мезгілдері жайлы өлеңдеріне назар салатын болсам, қай мезгілді болмасын адамның ішкі болмысымен ұштастыра отырып, ішкі көңіл күймен байланыстыра отырып береді. Қарапайым ғана дүниелердің өзіне жан бітіріп, өлеңмен  өмір бергенін көремін. Абайдың ішкі болмысы да табиғатпен үндесіп, сол үндестік жыр болып төгіліп қағаз бетіне түсіп жатқандай әсер аламын әрбір өлеңін оқығанда. Ұлы ақынның жыл мезгілдері жайлы өлеңдерінің қайсы бірін алсаңыз да сол мезгілді бірден көз алдыңа алып келеді.Сонымен, бірге сол мезгілдегі адамның бейнесі де ішкі бір ой түкпірінен сап етіп шыға келеді. Себебі, бірден адам мен табиғатты, жыл мезгілінің арасындағы бір үлкен көзге көрінбесе де көңілге қонып тұратын болмысын қатар суреттей білген.

Тек жыл мезгілдері емес, қандай өлеңінде болмасын табиғаттың тылсымын, ғаламның ғаламатын суреттей жырлағанын көруге болады. Көктем жайлы  өлеңін оқи бастағаннан  дала мәдениетінен сыр шерткен қазақ  халқының әдемі бір тап-таза, жайма-шуақ мамыражай ауылы көз алдыңа елестей береді.

Ұлы Абай аударма жасағанда да өзінің жазу стилімен үндес, табиғатты жырлай білген ақындарды аударған. Аударма жасаудан бұрын, аударылатын дүниенің өзі көңілден шығу керек. Абай аудармаларына көз жүгіртсек  сол адамдық пен адалға ұмтылу, табиғат пен сұлулық, жан тебіренісі мен қоғамның көрінісі, міне осындай бір, бірден қосақтала салмайтын дүниелер қатарласқан өлеңдерді аударған. Себебі, өз болмысына, ішкі толғанысына жақын өлеңдерді аударуға тырысқан. Демек ұлы Абайдың ішкі болмысы да табиғатқа ғашық, табиғатпен егіз деуге толық негіз бар деп ойлаймын.   Өлеңдеріндегі теңеу мен метафораларда табиғатты суреттей отырып көптеген ұғымдарды бере білгенін де аңғаруға болады. Ол табиғатты суреттей отырып адамдықты, адамгершілікті, адамдықты, сұлулықты, өмірдің бір сәттік қас қағым екенін  де қоса жырлаған. Міне осындай бір философиялық құндылықтарды да табиғатты суреттеу арқылы оқырманына ұсынуға, беруге тырысқанын көреміз. Демек, табиғатпен адам үндестігін Абайдай бере білу үлкен, өте үлкен шеберлік деп ойлаймын.

Ал Абай өлеңдерін оқи отырып менің көз алдыма қазақ елінің  сонау Атырау мен өр Алтайдың арасын алып жатқан ұшса құс қанаты талатын байтақ даласы елестейді. Оларды оқи отырып мен шағалалы теңізді, күн күліп батқан даланы, таңы  шырайлана атқан ауылды, торғайы мен бұлбұлының үні қатарласа шыққан орманды, басын ақшаңқай қарлар басқан тауларды, қоқиқаз мен үйрегі самсаған көлдерді осының барлығын көз алдыма елестете түсемін. Біздің байтақ даламызға табиғат ана аямай сұлулық берген, демек сондай сұлу қазақтың даласында туған ақын Абайдың, дара Абайдың, дана Абайдың табиғатты тамсана жырламауы да мүмкін емес-ау деген бір тұжырым санаға сап ете қалады.

Табиғат ана қазақ даласына барша сұлулықты аямай бергенін ойлап, сол табиғатты аялай білуге шақырғым келеді өз замандастарымды. Себебі адамды табиғаттан бөліп алуға әсте болмайды, ал адамнан бөлінбейтін дүниені аялай білуіміз керек деп ойлаймын. Адам мен табиғат қашанда егіз. Адам бойында да буырқанған бұрқасындай дауылды мінез, көктемгі күндей жайма шумақ мейірім, жаздың ыстығындай ып-ыстық ықылас, күздің сары алтын жапырағындай сап сары сағыныш бары рас. Табиғатты аялайық замандастарым…

Талипова Назерке 11«А» сынып оқушысы, Жетекшісі:

ДибиловаСауле Сафарбаевна,

 №10 Асыл мұра ЖОМ коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі пәні мұғалімі

Мақтарал ауданы, Түркістан облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған