БАЛАЛАР КАНИКУЛ КЕЗІНДЕ МУЗЕЙГЕ, ТЕАТРҒА, СПОРТ НЫСАНЫНА ТЕГІН КІРЕ АЛУЫ ҚАЖЕТ

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин өңірлер әкімдеріне балалардың жазғы бос уақытын ұйымдастыруды ерекше бақылауға алуды тапсырды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтында жарияланды.

ҚР Премьер-Министрі жазғы демалыс шараларын ұйымдастыру аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып өтіп, ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау органдарына, өңірлердің әкімдіктеріне тиісті қызметтердің жұмысын жұмылдыруды тапсырды.

— Балалардың демалысын ұйымдастыру – маңызды мәселе. Ол әр отбасыға қатысты. Балалар каникул кезінде музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктерге, спорт нысандарына тегін кіре алуы қажет. Тақырыптық кездесулер, іс-шаралар, сапарлар ұйымдастыру керек. Жазғы бос уақытты ұйымдастыру үшін меценаттарды белсендірек тарту қажет, өңірлерде жағымды мысалдар бар, — деді ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин.

Балалардың денсаулығын нығайту және қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қоғамдық орындардағы тамақтану сапасына, тамақтану орындары мен бос уақытты өткізу орындарында санитарлық тазалыққа ерекше көңіл бөлу қажеттігі де айтылды.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің келесі жылы лагерлердің санын арттыру бойынша ұсыныстарына қолдау білдірілді.

— Санаторийлер мен туристік базалар, ұлттық саябақтар және жоғары оқу орындары жанында бір мыңға дейін жазғы сауықтыру орталықтарын ашу, жұмыс істемей тұрғандарын оңалту бойынша жұмыстарды жүргізу қажет. Бұл балаларды жазғы демалыспен толық қамтуға мүмкіндік береді, — деді А. Мамин және өңірлердің әкімдіктеріне балалардың демалысын ерекше бақылауға алып, балаларды демалыспен және іспен шұғылданумен барынша қамтуды қамтамасыз етуді тапсырды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған