ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАР АЛДЫНДА НЕНІ БІЛГЕН ЖӨН?

Жазғы демалыс кезеңі басталуға жақын. Таяуда шетелге шығу жоспарлаған болсаңыз, келеңсіз жағдайға тап болмау үшін ең алдымен паспорттың қолданылу мерзімін тексеріп алу қажет. Өйткені кейбір елдерге кіру үшін паспорт қолданылу мерзімі бітуінен 6 ай бұрын ауыстырылуы керек. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ Көші-қон қызметі комитеті хабарлады.

Қазақстанда 2009 жылдан бастап биометриялық паспорттар (электрондық чипі бар) беріледі, олардың қолданылу мерзімі – он жыл, осыған байланысты ІІМ азаматтарға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен құжаттарды уақтылы ауыстыру қажеттігі туралы ескертеді.

Жаңа паспортты бұрынғысының жарамдылық мерзімі аяқталуына бір ай қалғанда қайта ресімдеуге болады. Қазақстан азаматтарына құжаттар он бес жұмыс күні ішінде беріледі. Егер паспорт шұғыл түрде қажет болса, оны азаматтар өз қалауы бойынша жылдамдатылған тәртіпте 1-7 жұмыс күні ішінде (Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында 1 жұмыс күні ішінде, облыс орталықтарында 3 жұмыс күні ішінде, облыстардың аудандары мен қалаларында 7 жұмыс күні ішінде) ресімдей алады.

Шетелге 16 жасқа толмаған балалармен бірге шыққан жағдайда, олардың паспорттарын алдын ала ресімдеген жөн. АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ, Италия, Испания, Франция, Чехия, Словения, Хорватия, Греция, Венгрия, Польша, Германия, Швейцария, Швеция, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа да елдерде мемлекетке ата-аналарымен келетін балаларда паспорттың болуы міндетті және паспортқа баланың фотосуретін жапсыру құжат деп танылмайды.

 

АЙЫППҰЛДАР МЕН БЕРЕШЕКТЕР

«Шет елге шығуы шектелген, борышқорлар тізілімі және атқару өндірісі бойынша борышқорлар тізілімі бойынша шетелге шығуға тыйым салынғандығының бар болуын тексеру» қызметі арқылы немесе ҚР Әділет министрлігінің сайтында орналасқан «Қазақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі», «Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізімі» деректер базаларынан өзіңіздің аты-жөніңіздің іздеп, елден шығуға тыйым салынған-салынбағандығын тексеру маңызды.

Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар мен төленбеген айыппұлдардың бар-жоғын тексеріңіз.

 

ВИЗАЛЫҚ РЕЖИМ

Таңдалған елге сапарламас бұрын Қазақстан азаматтары үшін визалық тәртіп туралы білу қажет. Егер виза талап етілсе, онда мұны дипломатиялық өкілдік, консулдық мекеме немесе турагенттік арқылы алдын ала дайындау керек.

Визасыз режим болған жағдайда, сол елде болу мерзімі мен тәртібін нақтылау қажет. Оны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сайтынан білуге болады. Егер сіз қандай да бір ел арқылы транзитпен жүруді жоспарласаңыз, транзиттік визаларға қатысты кеңес алыңыз.

Визада деректердің дұрыс жазылғанын және визаның қолданылу мерзімін, шет мемлекетте болуға рұқсат етілген күндердің санын міндетті түрде тексеріңіз.

Шетелге оқу, жұмыс істеу немесе тұрақты тұру үшін барған кезде құжаттарға, атап айтқанда, АХАЖ берген куәліктер мен анықтамаларға, білімі, мүліктік қатынастары, еңбек қызметі және әлеуметтік қамтамасыз ету туралы құжаттарға, мүмкіндігінше соттылығының жоқтығы туралы анықтамаларға апостиль қою ұсынылады.

 

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ, ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР

Сондай-ақ, шетелде болған кезеңде медициналық сақтандыру полисін сатып алуды ұсынамыз. Бұл медициналық көмекке жүгінген жағдайда шығындарды жабуға мүмкіндік береді.

Өзіңізбен бірге дәрі-дәрмектерді әкететін болсаңыз, сіз бара жатқан елде ол дәрілерге рұқсат етілгенін білу керек. Ыстық елдерге шығу кезінде дифтерияға, сіреспеге, полиомиелитке, сары қызбаға қарсы екпе жасату қажет.

Меккеге барушыларға менингококқа қарсы вакцина жасату ұсынылады.

Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ұзақ уақыт болатын болсаңыз, В гепатитіне қарсы екпе жасату орынды. Кейбір елдерге сізді олар талап ететін екпелердің бар екендігі туралы анықтамасыз жібермеуі мүмкін.

 

КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ

Қазақстаннан шығатын кезде 10 000 АҚШ долларына дейінгі мөлшерде қолма-қол ақша алып шыға аласыз. Олай болмаған жағдайда декларация қажет болады. Сондай-ақ, сіз баратын елге қандай нәрселерге декларация керек екенін, қандай жағдайда керек емес екенін нақтылап алу керек.

Шекара арқылы ақшаны немесе тауарларды декларациясыз заңсыз өткізу әкімшілік және қылмыстық жолмен жазаланады.

Сапарға шыққан кезде сүйікті өнімдеріңізді немесе темекі маркаларын өзіңізбен бірге алуға ниет білдірсеңіз, алдымен оған тыйым салынбағанын анықтау керек. Мысалы, мұсылман елдеріне алкоголь әкелуге болмайды.

Уәкілетті органдардың рұқсатынсыз мәдени құндылықтарды, жабайы флора мен фауна объектілерін, қару мен оқ-дәрілерді әкелуге және әкетуге болмайды. Авиакөліктің қол жүгінде шанышқы немесе кесетін заттарды, түрі қаруға ұқсайтын балалар ойыншықтарын немесе басқа да заттарды алып жүруге болмайды.

Сондай-ақ бірқатар елдерде сұйықтықтар мен гельдерді алып өтуге шектеулер қойылған.

 

МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ НОРМАЛАРЫ

Шетелде болған кезде біздің азаматтарымыз басқа елдің заңдарын сақтауды ұмытпауы керек.

Шетелде болған кезде этика мен моральдың жалпы қабылданған нормаларын ұстану қажет, елдегі саяси және климаттық жағдайлар туралы ақпаратпен алдын ала танысқан жөн.

Күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда, мысалы, құқық қорғау органдары ұстаған кезде, ЖКО және т.б. жағдайларда қазақстандықтар сол мемлекеттегі қазақстандық консулдық мекеменің қызметкерімен кездесуді талап етуге құқылы. ҚР консулдық мекемесінің қызметкерлерінсіз шет тіліндегі хаттамалар мен құжаттарға қол қоюға болмайды.

Сіз бара жатқан елдегі Қазақстан елшіліктерінің немесе консулдығының телефондарын жазып алып, туыстарыңыз бен достарыңызға өз сапарыңыз, орналасқан жеріңіз бен байланыс нөмірлеріңіз туралы хабарлағаныңыз жөн.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған