КЕДЕЙЛІКТІ ЖЕҢГЕН МИЛЛИАРДЕРЛЕР

 

...Олар өңі кеткен жаялықта жатып, сыры кеткен ыдыстан ас ішкен. Көлеңкелі тар үйде тұрып, арманын тек ақ бұлттармен өрген. Бірақ, олардың бала кездегі жұпыны ғұмыры есейгенде даңқ пен байлықтың биігіне өрлеген. Олар Өзіміз сияқты қарапайым күн кешті, тамағын асырау үшін сенделіп, кез келген қара жұмыстарды атқара берді. Бірақ олар жасымады! Талпынды, тауқыметтен таймады… Олар дәлелдеді, таланттарын бүкіл әлемге танытты. Олар бүгін өз еңбектері үшін миллиардтаған табыс тауып, миллиондаған доллар гонорар талап ете алады.

Біреу озып шықса, «көкесінің», «ақшаның» арқасында жетті ғой осы биігіне. Бізге жету қайда-а-а?»– деп, өзінің де, өзгенің де тауын шағып жататын кейбір жастарға үлгі болса екен дейміз.

АУЛА СЫПЫРҒАН

Ду Вон Ченг 1981 жылы Кореядан Америкаға көшіп келген. Жан бағып, отбасын асырау үшін Ду Вон Ченг күндіз-түні үш жұмыста бейнет еткен. Ауланы сыпырып, дәмханада жұмыс істеген.

Тынымсыз еңбегінің арқасында 1984 жылы киім сататын дүкен ашады. Қазіргі күнде 480 дүкені бар алып кәсіпкердің жұмысына қыздары Линда мен Эстер көмектеседі.

ОПРА УИНФРИ ЕҢ КЕДЕЙ АУДАННЫҢ ТҰРҒЫНЫ БОЛҒАН

Опра Уинфри – 1954 жылы Америкада дүниеге келген. Оның да балалық шағы қиындықпен, ал жастық шағы маңдай тері төгілген бейнетпен өтті.

Кедей ауданда тұратын Опраның анасы аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Әжесінің қолында тәрбиеленген Опра тоғыз жасында туысқан ағаларынан зорлық көріп, он үш жасында үйінен қашып кеткен. Он төрт жасында ана атанғанымен, сәбиі шетінеп кетеді.

Әжесінің айтуы бойынша, кішкентай кезінде қуыршақтардан сұхбат алып ойнайтын ол – он жеті жасында кездейсоқ радиоға жұмысқа келеді. Опра Уинфридің жұлдызды жолы осы сәттен басталады.

1984 жылы Опра Чикагоға келіп, таңғы бағдарламаны жүргізеді. Ол жүргізген бағдарламаның рейтингі жоғарылап, екі жылдан соң «Опра Уинфридің шоуы» экранға жол тартады. Апта сайын 40 миллион көрермен көретін бұл бағдарлама рейтингі ең жоғары бағдарлама болып, Опраның атағын асқақтатып қана қоймай, табысын да молайтады.

«Форбс» журналының мәліметі бойынша Опра Уинфри – әлемдегі ең табысты нәзікжандылардың тізімінде алғашқылардың бірі болып тұр. Оның табысы 2,8 миллиард доллардың төңірегінде.

САУЫНШЫ БОЛҒАН

Сэмюэль Мур Уолтон (1918-1992) – Америкалық ірі кәсіпкер. «Wal-Mart» және «Sam’s Club» желілілік дүкендердің негізін қалаушы. 1985-1988 жылдары «Форбс» журналының мәліметі бойынша, ол Америкадағы ең дәулетті кәсіпкердің бірі болған.

Сауыншының отбасында дүниеге келген Сэмюэль бала кезінде сиыр сауып, журнал сатқан. Жиырма алты жасында ірі көлемде қарыз алып, дүкен желісін жолға қойды. Еңбекқорлығының арқасында ол қалталылардың көшін бастаған.

ГАРАЖДЫҢ ШАТЫРЫНДА ӨМІР СҮРГЕН

Журнал ашып байыған Ричард Десмонд – 1951 жылы Ұлыбританияда дүниеге келген. Балалық шағында ол анасымен бірге гараждың шатырында өмір сүрді. Кішкентай кезінде  өте толық болған және үнемі өзін жалғыз сезінген. Анасына жәрдем беру үшін он төрт жасында мектепті тастап, гардеробта жұмыс істеді, кейіннен барабаншы болған. Оның музыкаға деген әуестігі табыс әкелмеді. Ал музыканттар мен музыкалық аспаптарды жарнамалайтын «International Musician» атты ең алғашқы журналы Ричардтың тасын өрге домалатады.

1993 жылы «ОК» журналының жобасына 50 миллион доллар құяды. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың жеке өмірін, суретін сатып алып жариялайтын «ОК» журналы оқырманын көбейтіп қана қоймай, Ричардтың да қалтасын қампайтады. Сонымен қатар қазіргі күнде Ричард тиражы көп бірнеше басылымдардың иесі.

СІРІҢКЕ САТҚАН

Шведтік ірі кәсіпкер Ингвар Кампрад – (1926-2018) «IKEA» желілік дүкенінің негізін салушы. Балалық шағы ауылда өткен және көршілеріне сіріңке сатумен айналысқан. Он жеті жасында әкесі туған күніне берген ақшаға дүкеннің іргесін қалай бастады.

2010 жылы «Форбс» журналының мәліметі бойынша, «IKEA» компаниясының табысы 23 миллиард долларды құраған. Ал бір жылдан соң 6 миллард долларға түсіп қалған.

Ингвар қалталылардың арасынан өзінің үнемшілдігімен ерекшеленеді. Үйіндегі бар жиһаз өзінің дүкенінен шыққан және бірнеше жылдар бойы ауыстырмай қолданған. Тіпті, ол қызметкерлеріне ақ қағазды үнемдеу үшін парақтың екі бетін де түгел қолдануын талап етіп отыратын.

ЖЕТІМ ӨСКЕН

Әкесіз жетім өскен Леонардо Дель Веккио 1935 жылы Миланда туылған. Мектепті бітірген соң автобөлшектер мен көзілдіріктің жиектемелерін өндіретін зауытта жұмысшы болып жұмыс істейді. Осындағы тәжірибесі оны көзілдіріктер брендін шығаруға итермелеген. Ал жиырма үш жасында ол өзінің ең алғашқы дүкенін ашады.

«Luxottica» компаниясының іргесін қалап, күннің көзінен қорғайтын және медициналық көзілдіріктердің «Ray-Ban» «Oakley» брендін қалыптастырған.

Табысы 11 миллиард долларды құрайды.

ЛАШЫҚТА ӨМІР СҮРГЕН 

Гарольд Симмонс 1932 жылы Америкада дүниеге келген. Оның балалық шағы жарығы жоқ кішкене лашықта өткен. Бірақ, әке-шешесі оқуға деген талабын қолдап, жоғары оқу орнына түсіреді.

1960 жылы Гарольд өзінің жинаған 5 мың доллары мен тағы да 95 мың доллар қарыз алып, шағын дәріхана сатып алады. Бизнестегі өрлеуі осы сәттен бастау алады. Мойнында қыруар қарызы мен қаржы қоры нөл болса да табыс көзін ашып, миллиардерлер қатарына қосылуға болатынын өз тәжірибесінде көрсеткен ірі кәсіпкер.

Қаржы қоры қазіргі күнде 4,5 миллиард долларды құрайды.

ҮЙ ҚЫЗМЕТШІСІНІҢ БАЛАСЫ БОЛҒАН 

Амансио Ортега – 1936 жылы Испанияда дүниеге келген. Әкесі теміржолда жұмысшы, ал анасы үй қызметшісі болып жалданып жұмыс істеген.  Кедейліктен ол тіпті мектепте де толық білім алуға мүмкіндігі болмады. Он үш жасынан бастап, жейделер сататын дүкенде сатушының көмекшісі болып жұмыс істей бастады.

Отыз жеті жасында әйелі екеуі халат, ішкиім мен жаймалар тігетін фабрика ашады. Фабриканың жұмысы ұзаққа бармай, 1975 жылы киім сататын дүкен ашады. «Zara» маркасы осылай дүниеге келеді. Кейіннен «Inditex» компаниясы бой көтереді. Бұл компания қазіргі күнде жеті мыңға жуық дүкен желісін қамтиды. Балалық шағында мектептің орта білімін де ала алмаған. Амансионың қаржы қоры «Форбс» журналының 2017 жылғы мәліметі бойынша 83,3 млрд долларды құрайды.

Жалғасы бар.

Әзірлеген Ақерке  АЗАМАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған