ӘЛЕМДІК ДОДАҒА ДИМАШТЫҢ ДА ҚАТЫСЫП ЖАТҚАНЫН ДАНЭЛИЯ БІЛМЕГЕН ЕКЕН

 

Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген Данэлия Төлешова « The World’s Вest» шоуында 96 балл жинады. Естеріңізге сала кетейік тура осы шоуда  әйгілі әнші Димаш Құдайбергенов  те өткен аптада қатысып мүмкін болған 100 баллдың 98-ін жинаған болатын.

Бірінші бөлімде Данэлия Андра Дэйдің «Rise up» композициясын орындады. Жас әншінің орындауында бұл ән төрешілердің жүрегіне жол таба білді. Тіпті, қазылардың бірі атақты әртіс Дрю Бэрримор Данэлияның орындаған әнін тыңдаған кезде, көзіне жас та алған. Оның орындау шеберлігін өте жоғары бағалаған қазылар ерекше баға беріп, Данэлияны «Вокал ғажайыбы» деп атады.

Бұл жөнінде  Тengrinews.kz. сайты жариялады. Данэлияның өзі сұрақтарға жауап бере отырып: «Rise up әні маған өте қатты ұнайды. Дегенмен, бұл шоудағы орындалатын әнді таңдауда тек менің ғана емес, осы жобаның продюсерлерінің де пікірімен санасамыз. Шоуға қатысу тәртібі солай. Біз оларға менің  айтуға қабілетім жететін әндердің тізімін бердік. Сол тізімінің ішінен менің тембріме, дауысыма келетінін таңдады. Олардың ойынша осы ән менің дауыс әлеуетімді толық ашып көрсете алады деп таңдалды», -деп бұл әнді неліктен таңдағанын түсіндіріп берді.

Үш қазының қойған бағаларын ескере отырып Данэлияның қазылар үштігінен алған орташа  балы 47 баллды құрады. Дрю Бэрримор ең жоғарығы – 50 баллды қойса, Ру Пол – 47, ал Фэйт Хилл – 45 балл қойған. Қазылық ететін екінші тарап яғни, «әлем қабырғасы» деп аталатын әлемнің көптеген елдерінен келген дауыс берушілердің барлығы дерлік Данэлияға дауыс берген, тек Канада елінің өкілі ғана қалыс қалған. Сонымен Данэлия «Әлем қабырғасынан» мүмкін болған 50 балдың 49-ын ала алды. Осылайша қазақ елінің талантты қызы жиынтығы 96 балл алған.

Данэлияны әлемнің ең үздіктері ғана қатыса алатын жобаға бақ сынауға жоба продюссерлері өздері шақырыпты. Шоуда әлемнің түкпір-түкпірінен өз  саласының ең  тәжірибелі мамандары бақ сынайды. Олардың арасында ең үздік әншілер, ең үздік бишілер, ең үздік сиқыршылар, ең үздік спортшылар т.б.  өнерлі жандар қатыстырылады. Данэлияның айтуынша  Димаштың қатысатынын ол білмеген, Димаш та Данэлияның осы шоуда өнер көрсететінінен бейхабар болған. Екеуі бір-бірін көрген кезде бірдей таң қалғандарын жасырмады Данэлия. «Грим жасайтын бөлмедегі, дәліздегі қатысушыларға қарап-ақ мен бәсекелестіктің өте жоғары екенін сезіндім. Шоудың соңына қарай ғана мен Димаштың да осы жобаға қатысып жатқанын білдім. Жоба талаптары бойынша біздің сөйлесуге, ақпарат алмасуға құқықтарымыз жоқ. Біз бір-бірімізді көргенімізге қатты қуандық. Сонымен қатар екеуміздің бәсекелес екенімізді ойлағанда көңіл-күйлеріміздің кішкене  түсіп кеткенін де жасырмаймын,» -дейді әнші қыз.

Айта кетейік, еліміздің қос дүлдүлі де шоудың екінші айналымына өткен. Еліміздің намысын ең үздіктердің қатарында қорғап, әлемдік шоуға қатысып жатқан Димаш Құдайбергеновке де, Данэлия Төлешоваға да тек қана сәттілік тілейміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған