Голливуд ханшайымы – Одри Хепберн

Өзінің ақсүйектерге тән келбетімен, сұлулығы, ботакөздері мен нәзіктігі миллиондаған жанның арманына айналған актриса – Одри Хепберн. Әйгілі жұлдыздар арасындағы көптеген еразаматтар оның жанында жүруді мәртебе санаған. Атақты Живанши: «Одри Хепбернге еліктегісі келмейтін, соның сұлулығына ұқсағысы келмейтін әйел жоқ бүкіл дүниеде. Өйткені, оның сұлулығы нағыз сұлулық» деп баға берген. Атақты Юбердің өзі оның сұлулығына бас иген екен.

Иә, ХХ ғасырдың ең сұлу атақты әйелдерінің бірі болған Одри Хепберннің өмірі жайлы сыр шертпекпіз.

ОЛ АНАСЫНЫҢ ҚОЛЫНДА ТӘРБИЕЛЕНГЕН

Одри Хепберн 1929 жылы 4 мамырда Брюсселде туған. Анасы голландиялық болған, ал әкесі ағылшын банк қызметкері болатын. Ата-анасы көп тұрмай-ақ ажырасып кеткен. Ол анасының тәрбиесінде болады. Актриса анасының жанында Голландияда тұрған. Одри Хепберн деген атын сонда жүріп өзгертуге мәжбүр болды. Өйткені, Голландияда ағылшындық текпен өмір сүру қауіпті болатын. Сондықтан Одри анасының атына өтіп Эдда Ван Хеемстр атын алады.

Анасымен Голландияда жүргенде соғыстың тақсіретін де тартқан. Немістермен соғыс басталған шақта оның жасы не бары 11-де болатын. Тамақ табудан, ішетін ас таппаудан қатты қиналған Одри ішегі шұрылдаған аштықты сезінбеу үшін «мен тамақ ішуді жек көрем. Тамақты аңсамаймын» деп сендіруге тырысады. Осы арқылы ол өзінің ас ішуге деген ықыласына тоқтау салып отырған. Оның балалық шағы осындай ауыр жағдайда өткен.

ЖЕРТӨЛЕГЕ ТЫҒЫЛҒАН

Соғыс кезінде неміс әскерінен тығылып өмір сүрген. Өйткені немістер әйелдер мен балаларды тұтқындап, Германияға ауыр жұмысқа жіберіп отырған. Сондай күндердің бірінде көшеге шыққан Одри неміс әскерлеріне ұсталып қала жаздайды. Қашып жүріп тышқандар мен егеуқұйрықтарға толы  жертөлеге түсіп кетеді. Міне, сол жерде ол бір ай тығылып жатады. Жертөле ішінде қапта жатқан голландық қызғалдақтармен қоректенеді. Одан өзге жертөледе ештеңеде жоқ еді. Бір айдан соң америкалық әскерлер қалаға кіргенде барып шығады. Осы бір ай аштықтан азаптанған қыз асқазан ауруына шалдығады. Оның асқазан қорыту жолдары бұзылған еді, есейгенде де осы дерттен зардап шекті.

ОЛ БИМЕН ӘУЕСТЕНГЕН

Ол жастайынан биге әуестенеді. Биді жақсы көреді. Биге деген махаббаты оны тым толық болмауға жетелейді. Тамақты аз-аздан ішеді. Оның үстіне оның өз сымбатты мүсінін сақтауға анасының: «Есіңде болсын жарқыным, нағыз ханшайымдар ешқашан қырық алты келі салмақтан аспау керек. Мен секілді толық болмауға маған уәде бер. Өйткені, толық әйелді күйеуі де, балалары да ешкім жақсы көрмейді. Ол өзінің нәзіктігінен айрылады. Толық болу өте үлкен мәселе. Толық қыздарды би үйрету мектептеріне де алмайды»  деген болатын. Анасының осы сөзінің өзі оны үнемі сымбатты мүсінін сақтауға үйретеді.

Ол Амстердамдағы Арнхеймдік консерваториясында оқиды, содан соң Лондондағы Мари Рамбердің балет мектебінде оқиды. Өзінің биге деген әуестігін, Одри Хепберн: «Мен балет мектебіне бардым. Балетке барғанымдағы басты мақсатым билеуді үйрену, мамандық иесі болу еді. Мен билеуді жақсы меңгерсем сондағы немістерге қарсылық танытып, соғысты тоқтатуға тырысып жатқандарға көмектесе алатынымды түсіндім. 1944 жылы мен тамаша билей алатын едім. Сол кезде  билеп, сол биден түскен қаражатымды қарсылық көрсетуші топтарға ұсынып тұрдым. Өйткені,  оларға үнемі ақша керек болып тұрды», дейді.

Соғыс аяқталғанда әкесі түрмеде еді. Анасы үй қызметшісі, аула сыпырушы болып жұмыс жасады. Қиындықты көп көрген қыз енді тағдыры өз қолында екенін, мына қиындықтан шығудың ең басты жолы өзінің еңбектенуі екенін түсінеді. Соғыс  аяқталғанда Одри анасымен Амстердамға көшіп барады.

АЛҒАШҚЫ РӨЛІ

Алғашында бимен айналысып, сонымен әуестеніп жүрген Одри уақыт өте келе сәнгерлікте де өзін сынай бастайды. Оның сәнгерліктегі жолы тамаша құлын мүсінінің арқасында жақсы жолға қойылып келе жатады. Сондай-ақ, Одри өзінің актерлік шеберлігін арттыру мақсатында Феликс Эйлмердің актерлік мектебінен сабақ та ала бастайды. Осы тұста оны француз романтикалық фильмдерінің маманы Каллет байқап қалады, Одриге Каллет «Жижи» фильмінде басты рөлді сомдауды ұсынады.

ГОЛЛИВУД ХАНШАЙЫМЫ АТАНУЫ

Осы фильмнен соң көп өтпей «Римдегі демалыс» картинасында басты рөлді сомдауға ұсыныс алады. Өзін кинодағы рөлдерде сынап жүрген жас актриса бірден келісім береді. Өйткені, оның биден де бөлек киноға түсуге деген ынтызарлығы осы тұста арта түскен болатын. Өзінің негізгі мамандығын бишілік, сәнгерлік, актрисалық мамандықтар арасынан таңдай алмай жүргенде ол осы фильмде басты рөлді сомдайды. Бұл рөлі оған өте үлкен атақ-даңқ алып келді. Осы рөлі үшін ол «Оскар» сыйлығын иеленеді, осыдан соң бүкіл әлемді мойындатқан актрисаны «Голливуд ханшайымы» деп те атайды.

Көрермендердің қызығушылығын арттырған Одри өзінің негізгі мамандығы актрисалық екенін түсінді. Фильм арқылы жеткен абыройы оның басқа да көптеген атақты актерлермен бірге жұмыс жасауына мүмкіндік берді. Көрермендер Одридің қатысумен түсірілген кез-келген фильмге таласа баратын еді.

«Түстен кейінгі махаббат», «Тиффанидің үйіндегі таңғы ас», сынды көптеген картиналар арқылы оның атағы шарықтай түсті.

КҮЛУДІ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН

Балалық шағы қиындыққа толы болғандықтан ол үнемі күліп жүргенді ұнататын еді. Өзінің тамаша кірпіктерінің астынан қиыла қарап, кез-келген жанның жүзіне күлімсірей алатындығымен әлемнің жүрегін жаулаған Одри бір сұхбатында: «Мен өзімді күлдіре алатын, менің езуіме күлкі үйіріп жымиюға талпындыратын жандарды жақсы көремін. Шынымды атайын мен күлгенді өте жақсы көремін. Өйткені, күлкі көптеген  дерттермен күресе алады. Адам үшін ең маңызды нәрсе ол – күлкі. » деген

АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ ҮЛКЕН ҚАСІРЕТ

Оның елдің көзіне түскен алғашқы махаббаты Билл Холден болды. Екеуі түсірілім алаңында танысып еді. Балаң қыз оған шынында да ғашық болды. Сол ғашықтығы мен жастығы көзін байлағаны сонша, Биллдің жүргіштігіне де, оның балалары мен әйелі бар екеніне де көзін жұма қарады. Оның кез-келген қателігін кешіруге дайын болды. Аяқ астынан дәрігерлер Биллге ота жасайды, осы отадан соң одан ешбір әйел жүкті бола алмайтынын біледі. Бар қателігін кешірсе де ана болуды армандайтын актриса одан кетіп қалады. Олар некелеспейді, араларындағы азаматтық некенің соңы осылай бітеді.

ТҮСІК ТАСТАУ, СӘБИ АҢСАУ

Араға екі жыл салғанда ол екінші рет тұрмысқа шығады. Актер Мел Феррера мен арадағы неке тойы қарапайым аталып өтіледі. Мел өзінің алғашқы әйелімен ажыраспай жатып екінші әйелге айқай-шумен үйленген болатын. Одан да кетіп Одриге үйленеді.

Оны да құлай сүйді. Бұл шынайы махаббаты болатын. Биллге деген сезімін ұмытып өзіне ғашық ете алған Мелді ол өте қатты жақсы көрді. Өзін алғашында бақытты сезінгенмен, уақыт өте келе араларында мәселелер пайда бола бастады. Келеңсіздіктің басы екеуі бірлесе түскен фильмнің сынға ұшырауы еді. Одан кейін Одри жүкті болып, дүниеге келген сәби өлі туылды. Мұның өзі актрисаның жүрегіне ауыр салмақ салып еді.

Мейірімді Одри сәби сүюді қатты армандады. Өкініштісі сол, ол екінші жүктілігін де сақтап қала алмады. Түсіру алаңында ат үстінен құлап, түсік тастайды. Бұл өзі жаралы жүрегіне одан сайын жара салады. Қасіретті жағдай оның жүйкесіне салмақ салып, бір күнде екі қораптан темекі шегіп, тамақтан мүлдем бас тартады. Осыдан кейін жүйкесін емдетіп  ауруханаға да жатады. Жылдар өткен сайын Одридың балаға деген махаббаты артып, сәби аңсай түседі. Ол тіпті, бір сұхбатында: «Егер үшінші рет маған мүмкіндік беріліп, дүниеге сәби алып келсем. Киноға түсуді тастаймын. Өнерден кетем. Өйткені, мен үшін бала ең маңыздысы» деген болатын.

АРМАННЫҢ ОРЫНДАЛУЫ

Одридің арманы орындалып, 1960 жылы жүкті болып, дүниеге Шон есімді сәбиді алып келеді. Шаттықтан тасыған актриса өзін шынында да бақытты сезінеді. Оның шабытына ана атануы шабыт қосып, бірінен соң біріне тамаша фильмдерге түседі.

Бірақ, жары екеуінің арасында ешқандай да сезім қалмағанын түсіне бастайды. Солай бола тұрса да ұлының болашағы үшін, оның әкесіз қалмауы үшін, некелерін сақтап қалуға Одри барын салды. Күйеуінің айтқанын орындап, тіпті сұхбат бергенде де не айтатынын, қалай бастап қалай аяқтайтынына дейін күйеуінің айтуымен беретін. Араларындағы салқындықты сездірмеуге барынша тырысып бағады. Бірақ, бұл некені жалғыз өзі сақтап қалуға күші жетпеді. Олар ақыры ажырасып кетті.

ЕКІНШІ НЕКЕ

Одридің келесі күйеуі италияндық психиатр Андреа Дотти еді. Өзі римдік отбасынан шыққан Андреа тым танымал болмаса да, жұлдызға үйленген соң аты шыға бастайды. Осыны пайдаланған ол өзге сұлу бикештерден бас тартпай Одридің көзіне шөп салуға дейін барады.  Үнемі оның опасыздығын кешіре-кешіре шаршаған актриса мұндайға төзе алмайтынын ашық жариялап онымен да ажырасып кетеді. Бұл екі некеден Одри үшін ең маңызды да қымбат болып қалған ұлдары Шон мен Лук еді. Айта кететін жайт Андреадан ол екінші ұлын дүниеге алып келген болатын.

Андреамен ажырасқан 1982 жылы оның жүйкесі тағы да сыр беріп, тамақ ішуден бас тартады. Оның ең әлсіз тұсы да осы еді. Ол кез-келген қиындықтан өзін астан тыйып қинайтын.

ЖҮРЕГІ СЫҢЫРЫН ТАПТЫ

Елу жасында Одри Роберт Уолдерспен танысады. Бұл оның өміріндегі соңғы еразамат болатын. Ол басқа еркектер секілді емесе, басқаша жан еді. Сенімді, салмақты, болатын. Екеуі танысқан тұста Одри ажырасудан зардап шегіп қиналып жүрген болатын, ал Роберт әйелі қайтыс болып қиналып жүрген. Екеуі бір-бірінің жан жараларын ұғынып тез тіл табысып кетеді. Бірақ олар заңды түрде некелеспейді. Өзінің сөзінше: «Менің өмірім – теңіздегі дауыл секілді. Даурығып-даурығып Робертпен танысқан соң барып тынышталғандай. Жандүниемде де ерекше тыныштық орнады. Өйткені, ол нағыз мен іздеген адам болатын. Ол өзім іздеген сезімді де, махаббатты да, сенімділікті де маған бере алды. Некеміздің заңдастырылмауы мен үшін маңызды да емес. Ең бастысы жүрегімде тыныштық орнады» деген болатын.

ЕҢ СОҢҒЫ РӨЛІ

Ең соңғы рет «Барлық кезде» атты фильмдегі періштенің рөлін сомдаған актрисаның өзі де періште болатын. Оның кең жүрегі барлық адамзат баласына көмектесуге әзір тұратын. Бұл картинада ол періштенің рөлін сомдап өзі де содан көп өтпей періште болып кете барды.

Осы фильмнен соң Одри ЮНИСЕФ-тің елшісі қызметіне ауысты. Оның бұл қайрымдылық саласындағы жұмысы тез жанданып кете барды. Өйткені, оны бүкіл әлем танитын еді. Сонымен бірге ол француз, ағылшын, испан, итальян, голланд тілдерінде сөйлей алатын. Бұл артықшылығы да оның осы жұмысына деген махаббатын арттыра түсті. Үнемі жолда жүріп қайрымдылық шараларын ұйымдастырып жүрді. Өз денсаулығы сыр беріп жүрсе де актриса жұмысын тоқтатқан жоқ. Оның осы еңбегі бағаланып 1992 жылы АҚШ президенті Джордж Буш оны еркіндік медалімен марапаттады.

АУРУ АЛЫП ТЫНДЫ

Өзінің қайрымдылық жұмысымен ел аралап Африкаға барады. Онда іші қатты ауырып қайта оралады. 1992 жылы қараша айында актрисаға ота жасалып, ішек-асқазан жолындағы  қатерлі ісік алынып тасталады. Алайда, ауру сонда да мазасын алуын қоймайды. Отадан кейін көп өтпей ауруы қайта қозғанда актриса: «Менің екі-үш айлық қана ғұмырым қалды, жүрегім сезеді» дейді.  Осы айтқаны  дәл келіп, 1993 жылы 20 қаңтарында 64 жасқа қараған шағында дүние салды. Өмірінің соңғы күндері Швейцарияның Лозанна қаласында өтті.

Дайындаған: Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған