«БЕСТІК» АЛМАЙ ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТҚАН АТАҚТЫЛАР

Біз баланың оқу үлгеріміне келгенде әлі де  қатып қалған бір қағидалармен өмір сүріп келеміз. Әлі күнге баланың өзіне  таңдау жасатып, баланың өзіне мүмкіндік бергіміз келмейді.  Жарқын болашақ оның күнделікке түскен бестіктері мен ҰБТ-ның көрсеткішіне ғана қадалып қалғандай қиналамыз. Иә біздің кемшілігіміз де сол ғой. Өмірде жетістікке жету – оқу үлгерімі мен тып-тыныш жүретін үлгілі тәртібінде ғана емес екенін біле бермейміз. Мектепте оқу үлгерімі нашар болып, ЖОО-да білім алмай-ақ, өмірде кереметтей жетістіктерге жетуге болады екен…

 БИЛЛ ГЕЙТС ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛМАҒАН 

«Microsoft» компаниясының негізін қалаған, бірнеше жыл планетадағы ең бай адамдардың тізімінде көш бастап тұрған Билл Гейтс жоғары білім алмаған. Мектепте математика мен компьютерден басқа пәндерді өте нашар оқыған. Мұғалімдері Билл Гейтсті түсініксіз мінезі үшін психологқа да жібермек болады. Мектепті әрең бітірген ол Гарвард университетіне түседі. Екі жылдан соң Билл Гейтс оқудан шығады… Ал арадан бірнеше жыл өткенде Билл Гейтс жер шарындағы ең дәулетті адам атанады.

 АРМАНИ ЕҢБЕК ЖОЛЫН ФОТОГРАФТЫҢ КӨМЕКШІСІ БОЛЫП БАСТАҒАН 

Сән әлеміндегі ең атақты, ең беделді модельер Джорджио Армани – дәрігер болуды мақсат етіп, медициналық факультетті таңдайды. Бірақ екі жылдан соң оқуын тастап, фотографтың көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Әскери борышын өтеп келген соң универмагқа жұмысқа кіреді. Сән әлеміндегі алғашқы қадамы Нино Черрутидің ассистенті болып жұмыс істеуден басталады. Ал өзінің алғашқы киімдер топтамасы 1974 жылы жарық көреді.

 «БАРБИДІҢ» «АНАСЫ» 10 ЖАСЫНА ДЕЙІН ҒАНА БІЛІМ АЛҒАН 

Ал «Барби» қуыршағының «анасы» Рут Марианна Хэндлер отбасында оныншы перзент болған. Анасы науқас болғандықтан, алты айлығында әпкесі бауырына басады. Он жасында мектептегі оқуын тастап, әпкесінің дәріханасына жұмысқа тұрады. Ал 1959 жылы күйеуі екеуі «Барби» қуыршағын жасап шығарып, әлемге танылды.

КВЕНТИН ТАРАНТИНО МЕКТЕПТЕ ӨТЕ НАШАР ОҚЫҒАН 

Голливуд жұлдызы Квентин Тарантино алтыншы сыныпқа дейін сағат тілімен уақытты қалай анықтау керек екенін білмей келген. Мектепте өте нашар оқыған ол сағаттап теледидар алдында кино көруді ұнатқан. Он бес жасында мектепті тастаған болашақ жұлдыз кинотеатрға жұмысқа тұрады…

«ШАХМАТ ПАТШАСЫ»  РОБЕРТ ДЖЕЙМСТІҢ МІНЕЗІ ТҮСІНІКСІЗ БОЛҒАН

Америкалық шахматшы, әлем чемпионы Роберт Джеймс Фишердің мінезі түсініксіз болған. Ол ешкіммен араласпай, томаға-тұйық жүрген. Әке-шешесі уайымдап, оны дәрігерге де көрсеткен. Оның есіл-дертін тек шахмат жаулаған.

Мектепте үздік оқымай-ақ, үлгілі тәртіп көрсетпей-ақ, өмірде бас айналарлықтай керемет жетістіктерге жеткен атақтылар мен дәулеттілердің тізімі осылай жалғасып кете береді. Олардың арасында Голливудты бағындырған таланттылар мен кәсібі өрге жүзген ірі кәсіпкерлер өте көп. Ең бастысы, баланың тек оқу үлгеріміне ғана қадалып қалмай, басқа қырын байқап, өзіндік бір ерекше қабілетін ескере білген жөн. Бұл мектепте нашар оқысын деген сөз емес, ең бастысы өмірде өз орнын табатын жолын бала кезден қалыптастыру дегені.

Әзірлеген: Ақерке АЗАМАТ.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған