ЖЕТІСАЙЛЫҚ ҚАУЫН ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Жетісайдан Ресейге қауынның алғашқы партиясы жөнелтілді. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысы Жетісай ауданының диқандары алғашқы 30 тонна бақша өнімдерін көршілес Ресей еліне жөнелтті. Диқан Ғабит Сабденов алдағы екі-үш күнде тағы да 90 тонна қауынды Мәскеу қаласының сауда орталықтарына жіберуді жоспарлап отыр. Биыл 30 гектарға қауын еккен шаруа қожалығының жұмысымен Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев арнайы барып танысып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Диқандардың айтуынша, биыл егістік жұмыстары ерте басталған. Наурыздың 8-іне 30 гектар егістік алқапқа қауынның 250 мың түп көшеті отырғызылған. «F-1 Дакара» және «Аэропорт» сорттары 15 гектардан тең бөліп егілген қауын 70 күн аралығында жетіліп шыққан.

Енді бірер күнде жетісайлық диқандар алғашқы қарбыздарын Ресей еліне жөнелтуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде сатып алушылар егістік алқап басында арту жұмыстарына әзірлену үстінде. Жалпы биыл Жетісай ауданында 15 мың гектардан астам жерге қауын-қарбыз егілген. Оның 8 мың гектардан астамын қауын құрайды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған