ҮЗДІК ҚЫЗМЕТШІ АТАНҒЫҢ КЕЛЕ МЕ?

Үздік мемлекеттік қызметші атанғың келе ме? Ендеше, бағыңды сынап көр! Конкурсқа мемлекеттік қызметте өтілі бір жылдан кем емес, әкімшілік және тәртіптік жазалары жоқ мемлекеттік қызметшілер қатыса алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілі Хакімбек Атадусов мәлімдеді.

Мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін кеңінен насихаттау, үздік кәсіби білімі мен дағдылары бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерін анықтау және ынталандыру мақсатында жыл сайын «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» Республикалық конкурсы өткізіледі.

Конкурс екі негізгі кезеңде өтеді. Олар, бірінші кезең – өңірлік деңгей, яғни облыстық, оны өңірлік конкурстық комиссиялар өткізеді және Конкурстың бірінші кезеңінің жеңімпаздары анықталып, олар екінші кезеңге қатысуға ұсынылады. Ал екінші республикалық деңгейдегі кезең республикалық конкурстық комиссиямен өткізіліп, конкурс жеңімпаздары анықталады.

Қатысушыларды бағалау үшін Конкурстың бірінші кезеңінде өңірлік конкурстық комиссия құрылып, комиссия құрамы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сәйкесінше аумақтық департаменттерімен бекітіледі.

Өңірлік конкурстық комиссия 9 адамнан және хатшыдан тұрады (бұдан әрі – Өңірлік комиссия), комиссия құрамы сәйкесінше Агенттіктің аумақтық департаменттері жанында құрылады және Агенттіктің келісімі бойынша мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және өзге де тұлғалар қатарынан қалыптасады.

Конкурс жеңімпаздарын анықтау үшін Агенттік жанынан Республикалық конкурстық комиссия құрылады. Қорытындысы және оның жеңімпаздарының саны Республикалық комиссияның шешімімен анықталады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 23 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеуге орайластырылған.

Спикер, өңірлік комиссия мүшесі Айсұлу Қабышқызы өз сөзінде аталған конкурстың өткен жылы аймақта ауқымды әрі жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Ол үшін Агенттікке және оның аумақтық департамент басшысына алғысын білдірді.

Айта кетейік, 2018 жылы облыс бойынша аталған конкурсқа қатысуға барлығы 27 үміткер құжат тапсырған. Оның 16-сы басқарма мен бөлім басшылары, 11 – бас мамандар. Сондай-ақ, өткен жылы еліміз бойынша 20 қатысушы жеңімпаз атанса, оның екеуі маңғыстаулық болды.

– Себебі, бір ғана облыстан 27 адам құжат тапсырып, 4-еуі республикалық деңгейге дейін жеткені, оның ішінде 2 үміткер жеңімпаз атанғаны үлкен жетістік, – деді ол.

Сонымен қатар, өткен жылдың жеңімпаздары, «Үздік мемлекеттік қызметшілер» Бауыржан Тұяқов пен Рамир Алекберов конкурс кезіндегі өздерінің алған әсерлерімен, қызықты сәттерімен бөлісті.

– Дайындық өте жоғары деңгейде болды. Елордаға аттанарда үлкен жауапкершілікті сезіндік. Себебі, Маңғыстаудың бізге артқан сенімі болды. Рамир екеуміз сол сенімді ақтап, елге абыроймен оралғанымызға қуанамыз. Бұл тек жеке біздің ғана жеңісіміз емес, бұл Маңғыстаудың жеңісі. Маңдай тер мен еңбектің, бізді дайындаған комиссия мүшелерінің де жеңісі, – деді Бауыржан Орынбайұлы.

Облыс орталықтарында және аудандарда өздерінің билбордта ілулі тұрған суреттерін көріп, ата-аналары мен достары, әріптестері мақтан ететінін жеткізді. «Теледидар мен газеттерге қарағанда билбордтан көру ерекше екен» дейді олар.

Комиссия мүшесі Аббат Жәңгірханұлы білімді, мол тәжірибелі конкурс жеңімпаздарын қызмет бабында жоғары, басшы лауазымдарына көтеру жөнінде аумақтық департамент басшысымен ұсыныс беріп, мүмкіндік алу жағын қарастыратындарын жеткізді. Себебі, оның айтуынша бұл басқа да мемлекеттік қызметшілер үшін конкурс үміткерлеріне үлгі болады.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған