ҚЫЗЫЛКӨЛ АЙМАҒЫ ДЕМАЛЫС ОРНЫНА АЙНАЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы жұмыс сапарымен Созақ ауданына барды. Онда түрлі саладағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен аймақ басшысы Шолаққорған ауылындағы «Ғажап» шаруа қожалығына аялдады. Мал бордақылаумен айналысатын қожалық 2004 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда мүйізді ірі қара, жылқы, қой мен түйе малы өсірілуде. Тіпті таза қанды ағылшын тұқымдары да бапталуда. Қожалықтың меншігінде 200 гектар жайылым жер бар. Серіктестің жұмысымен танысқан облыс басшысы өңірде түйе шаруашылығын дамытып, шұбат өнімін арттыру қажеттігін тапсырды. Бұл тұрғыда мемлекеттік қолдаудың да болатынын жеткізді.

Сонымен қатар, Өмірзақ Естайұлы Шолаққарған ауылындағы «Тәуелсіздік» саябағымен танысты. Бұл нысан 2017 жылы ел игілігіне берілген. Сапар барысында аймақ басшысы «Alma resort» серіктестігінің алма бауының жұмысымен танысты. Мұндағы алма ағаштары 2011 жылы отырғызылған. 15 гектар аумақты алып жатқан бақта алманың «Голден делишес», «Ринет семеренко», «Старкенсон» сортты ағаштары жайқалып тұр. Бұл жобаға мемлекеттік бағдарлама арқылы 7,5 млн. теңге қаржы жұмсалған. Мұнда 15 адам жұмыспен қамтылып отыр. Серіктестік жұмысымен танысқан облыс әкімі ауданда баумен қатар, бақша өнімдерін өндіруде қолға алу қажеттігін тапсырды.

Облыс әкімі ауданға жасаған іссапарын «Мыңжылқы» мәдениет сарайында аяқтады. Онда аудан әкімі Салыхан Полатов Созақ ауданының экономикалық-әлеуметтік салаларда атқарылған жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ, «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында жүзеге асар жастарға арналған жаңа орталық, жол құрылысы мен ауданның абаттандырылуы сынды жобаларды баяндады. Жиынды қорытқан Өмірзақ Естайұлы тарихи Созақ өңірінде туризм саласын да қолға алу қажеттігін айтты. Ол үшін Қызылкөл аймағын жаңғыртып, демалыс аймағы ретінде дамыту қажеттігін тапсырды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған