ҚЫЗҒАЛДАҚ ЖҰЛҒАНДАР 7575000 ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ 

ҚР Қызыл кітабына енгізілген «Грейг» және «Кауфман» қызғалдақтарын заңсыз жұлуды болдырмау мақсатында биыл рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген «грейг» қызғалдағын жұлғандарға қатаң шара көріледі. Бұл туралы  Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Нұрлан Тұманбаев мәлімдеді.

– ҚР қызыл кітабына енгізілгеннен кейін  «Грейг» және «Коуфман» қызғалдағын  заңсыз жұлу ҚР қылмыстық кодексінің 339-бабында  көзделген қылмыстық жауапкершілікпен қаралады. Құқық бұзушының әрекеті дәлелденген жағдайда оған сот шешімімен 3 мың айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салу немесе бас бостандығынан айыру жазасына әкеліп соқтыруы мүмкін. Жыл басынан облыс тұрғындары заңсыз жұлған 57 дана қызғалдақ тәркіленді,  – деді ол.

Сондай-ақ, Сырдария – Түркістан Мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің туризм бөлімінің басшысы Ғани Назарбек табиғат аясында демалуға шыққан көпшілік әлеуметтік желіде қызғалдақтармен түскен суретін еш  қымсынбастан жариялап жатқанын айтты. Сондай-ақ, баға жетпес жауһарымызды көздің қарашығындай сақтау қажеттігін жеткізді.

Бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 525 теңгені құрайды. Яғни, қызғалдақ жұлғандар 7575000 теңге айыппұл төлейді деген сөз.

Айта кетейік, Түркістан облысының полиция департаменті қызметкерлері 1 мен 30 сәуір аралығында облыс аумағында «Қызғалдақ» іс-шарасын өткізіп жатыр.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған