ЦИТАДЕЛЬ ҚАМАЛЫ МАУСЫМ АЙЫНДА АШЫЛАДЫ

2020 жылдың маусым айында Шымкент қаласының басты туристік нысанына айналады деп жоспарланып отырған Цитадель қамалының ашылуы жоспарлануда. Осы орайда Қазақстанның туристендіру картасының ТОП-50 нысанына енгізілген «Ескі қалашық» кешенінің шебер-жоспары әзірленбек. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Шымкент қалалық туризм басқармасының басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Қалқабаевтың айтуынша, «Мәдени астана» аясында келетін қонақтар мен жалпы қалаға келуші туристерге ақпараттық және консультациялық көмек көрсету мақсатында 20 наурызға дейін қалада 5 туристік ақпараттық дүңгіршек орналастырылмақ.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде QR-төлқұжаттар орналастырылуда. Бүгінгі күні 20 нысанға төлқұжат қойылса, 20 наурызға дейін қосымша 10 нысанға орналастырылмақ. Бұл QR-төлқұжаттарға аудиогидтер жазылып, IZI travel халықаралық туристік платформасымен интеграцияланған.

Сонымен қатар, туристік нысандарға бағыттайтын стелалар әзірленуде. Жақын тұрған туристік нысан туралы ақпарат беріп, картада оның орналасу нүктесін көрсете алатын стелалар қаланың 30 нүктесінде мамыр айының басына дейін қойылады.

Бұған қоса мамыр айында туристерге ақпарат беретін таблоларға қаланың 3D туристік картасы енгізіледі.

– «Мәдени астана» аясында және қалаға келетін өзге де қонақтарды Шымкент қаласының көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында туризм басқармасы тарапынан жарнамалық-ақпараттық бүктемелер, карталар, сондай-ақ «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» іс-шарасының серіктесі тақтайшалары мен жабыстырмалары әзірленіп, қаладағы қонақ үйлер мен әуежайда орналастырылса, арнайы дайындалған төсбелгілер қонақ үйлерге таратылды. 20 наурызға дейін қосымша төсбелгілер «SCAT» әуекомпаниясының бортсеріктеріне ұсынылады. Қазақстандық және шетелдік азаматтарға Шымкент туралы кеңінен ақпарат тарату мақсатында Instagram, facebook әлеуметтік желілерінде visit_shymkent_kz парақшасы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда туризм басқармасы тарапынан Цитадель қамалының VR-ролигі әзірленуде, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ,«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылдың екінші жартысында «Туристік клуб» ашу жоспарлануда. Оның басты мақсаты – туризм мамандарын жастайынан дайындау, оқыту.

Сәуір айында «Арбат» жаяу жүргіншілер көшесінде екінші «Қызғалдақ жолы» мерекелік фестивалі өтетін болады. Бұдан бөлек, ҚР Президентінің 2019 жылғы қыркүйектегі халыққа жолдауында айтылғандай, этно-туризмді дамыту, сондай-ақ ТМД елдерінен келетін қонақтарға ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында сәуір айында «Этно Шымкент» қолөнершілер фестивалі, қазан айында «Дәмді Шымкент» гастрономиялық фестивалі өтеді.

Бұл фестивальді бұдан әрі жыл сайынғы дәстүрге айналдыру жоспарда бар. Қаланың туристік тартымдылығын насихаттау, ішкі және кіру туризмін дамыту мақсатында биыл шетелдік туроператорларға, БАҚ өкілдері мен блогерлерге ақпараттық тур ұйымдастырылмақ. Қазіргі таңда әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты аталған турларды 2020 жылдың екінші жартысына қалдыру туралы шешім қабылданған.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған