ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК НАУРЫЗДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында көпбалалы аналарға арналған «Ашық есік» күндері өтуде. Аталған шара ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дәрігерлер «Ашық есік» күндері аясында көпбалалы аналарды ақысыз медициналық тексеруден, сараптамалардан өтуге шақырады. Бұған дейін “Ашық есік” күні Сарыағаш, Арыс, Шардара, Түлкібас, Бәйдібек аудандық орталық ауруханаларының емхана бөлімінде өткен.

Бүгінгі таңда емдеу орталықтарында жоспарланған ана мен бала денсаулығын жақсарту және медициналық қызметке қол жетімділікті арттыру мақсатында ауқымды шаралар өтуде. Медициналық және әлеуметтік психологиялық көмек аясында көпбалалы аналарды тәжірибелі дәрігер, гинеколог, психолог, невропатолог, педиатр, хирург, травматолог-ортопед мамандары қабылдап, ем көрсетуде.

Айта кетерлігі, Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында көп балалы аналар кезектен тыс қабылданады. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде дәрігердің нұсқауымен дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда әрбір аудандық ауруханада 10 арнайы палата жұмыс істейді. «Ашық есік» күндері шарасы наурыз айының соңына дейін жалғасын таппақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған