ТҮРКІСТАНДЫҚ ТУРИСТІК ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ӘЗІР

Түркістан облысы Полиция департаментінің негізінде көші-қон полициясы басқармасының жанынан жаңа бөлім – туристік полиция құрылды. Бұл туралы ТО ПД баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Премьер-министрі А.Маминнің 2019 жылғы 4 наурыздағы тапсырмасына және ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға сәйкес туристер көп баратын облыстарда туристік полиция құру жөніндегі жол картасын бекіткен. Түркістан облысындағы туристік полиция осы тапсырма аясында құрылды. Оны құрудағы мақсат – Қазақстан Республикасының халықаралық имиджін және туристік тартымдылығын арттыру, елімізге келген шетел азаматтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету және оларды толғандырған кез-келген сұрақ бойынша ақыл-кеңес беру, келеңсіз жағдайлар орын алса көмек көрсету болып табылады.

Түркістан облысы мен Түркістан қаласы туристер көп келетін аймақ және туризм мен зиярат ету орталығының бірден-бір мекені екені белгілі. Туристер облыстағы Қ.А.Яссауи кесенесіне, Арыстанбабқа және де басқа киелі орындарды аралап көруге құмартады.

ТО ПД бастығының орынбасары А.Сейдуалиев жаңа бөлімнің ашылуына арнайы келіп, туристік полицейлердің жұмысына сәттілік тілеп, жақсы нәтиже көрсететіндеріне сенім білдірді.

– Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің туристік бөлімшесі 10 қызметкерден тұрады. Оның бесеуі Қ.А.Яссауи кесенесінде болса, бесеуі Отырар ауданы Полиция бөліміне, яғни Арыстанбаб мавзолейіне берілді. Әр нысанда модульдік түрдегі стационарлық бекеттер орналастырылып, жұмыс режимі бейнетітіркегіштермен, планшеттермен, рациялармен жабдықталған және «Tourist Polise» жазуымен нысанды киімдермен қамтамасыз етілген, – деді ол.

Сонымен қатар, Түркістандық туристік полиция қызметкерлері өздерінің кәсіби және қызметтік қасиеттері жоғары болуымен қатар, туристермен қарым-қатынас жасау үшін бірнеше тілді меңгерген, тарихты біліп, туристерге туындаған мәселелерін шешу үшін өзге құрылымдармен өзара іс-қимыл жасауға дайын.

Полиция департаментінің мәліметі бойынша, туристік полиция қызметкерлері ең көрікті жерлер болып табылатын бес ауқымды нысанда қызмет атқаратын болады.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған