ТҮРКІСТАНДЫҚ МҰҒАЛІМДЕР ТҮРКИЯҒА АТТАНДЫ

«Түркістан облысы білім саласының мамандары ұдайы шет мемлекеттерде тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттырып келеді. Биыл да жыл басталысымен Түркістан облысының он алты ауданы мен көне шаһардың 40 тәжірибелі педагогы арнайы бағдарлама аясында Түркия Республикасына іс-сапарға жіберіліп отыр» деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жобаның мақсаты – бауырлас әрі қандас өзара тату екі ел – Тәуелсіз Қазақстан мен Түркия Республикасы арасындағы білім және ғылым саласындағы байланысты дамыту, ортақ құндылығымыз – Қожа Ахмет Ясауи мұраларының кеңінен насихатталуына үлес қосу. Сонымен қоса, Елбасының биылғы Жолдаудағы ұстаз мәртебесін көтеру туралы тапсырмасын орындап, ұзақ жылдар еңбек еткен мұғалімнің еңбегін бағалау, сондай-ақ білімін жетілдіріп қайтуына жағдай жасау болып табылады.

«Бұл жолдама кез келген мұғалімге берілмейді. Жолдама алу үшін арнайы талап ескерілген. Отандық мұғалімдер өзге мемлекеттерден келген әріптестерімен жүзбе-жүз кездесіп, білім деңгейін арттырып, тәжірибе алмасады. Алдағы уақытта бұл жоба жалғасын табады деп жоспарлануда» делінген Түркістан облысы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында.

Айта кетейік, өткен жылы облыстан 150-ге жуық ардақты ұстаз шетелге аттанған еді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған