ТҰРҒЫНДАРҒА ЕШҚАНДАЙ ҚАУІП ЖОҚ

Арыс қаласын жарылғыш заттардан түгелдей тазарту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ. Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов мәлімдеді.

Журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі, Арыс қаласының тұрғындарынан қоңыраулар толассыз келіп түсіп жатқанын жеткізді.

– Жалпы бүгінгі таңға дейін 30700 жарылғыш оқ дәрілердің бөлшектері табылған. Табылған фрагменттер қаладан 60 шақырым тысқары орналасқан арнайы полигонға жеткізілген. Алдағы уақытта оның барлығы жойылатын болады. Яғни, адам өміріне қауіпті емес, – деді Е. Бятов.

Әлі де жарылысқа байланысты қызметтік тексерістің жүргізіліп жатқанын жеткізген жауапты басшылар, оқ дәрілер сақталған қойманың көшірілетінін тағы да айтып өтті.

Айта кетерлігі, 17 сектор бойынша барлық үйлер жөнделуде. Баспаналардың бүлінген шатырынан бастап, жарылған қабырғалар мен сынған терезелер қалпына келтірілуде. Қосымша секторларға бөлінген қызметкерлер ақау актілерін түзумен айналысуда.  Облыс пен аудандардан 1500-ден астам құрылысшылар жұмылдырылған. Бүгінгі таңда 700-ден астам тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталған. Бүгінгі күнге дейінгі ақпарат бойынша, Арыс қаласында 181 үйдің  ақаулары толығымен қалыпқа келген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің мәліметінше, бүгінгі күні шаһарда тұрғындар күнделікті өмірге қалыптасу үшін барлық жағдайлар жасалған. Қаланың ішінде 30 шақты дүкен жұмысын бастады. 4 наубайхана сұранысқа сай нан пісіріп, қызметіне кіріскен. Автопарктер де толығымен жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, жергілікті халық атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, зейнетақы сынды төлемдерді түгел алуда.

Шаһар тұрғандарына айта кетерлігі, қауіпті деп танылған заттарды байқаған жағдайда 102,112 нөмірлеріне хабарласу қажет.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған