ӨҢІРЛЕРДЕ СПОРТТЫҚ КЕШЕНДЕРДІ КӨБЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы іссапармен Бәйдібек ауданында болды. Ең алдымен Бәйдібек ата елдімекеніндегі Мәдениет үйінде аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында аудан әкімі Бақытбек Танагөзов «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өңірде атқарылатын жұмыстармен таныстырды. Бағдарлама аясында аудандағы Бәйдібек ата ауылында «Тағзым» саябағы салынып, ауыл ішіндегі бірнеше автомобиль жолдары қайта жөндеуден өтетіні баяндалды. Сондай-ақ, аудан орталығы Шаянда Орталық саябақ абаттандырылып, жаңа кітапхана бой көтеретін болады.

Сонымен қатар, жиында облыс әкімі ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша жаңа стационарлық орталықтың құрылысы мен Бәйдібек баба – Домалақ ана жолын қайта жөндеуден өткізу қажеттігін тапсырды.

Сапар барысында облыс басшысы Ақбастау ауылдық округі аумағындағы Біріккен Араб Әмірлігінің құс өсіру орталығымен танысты. Құрылыс жұмыстарын бастағалы бері ауданға 68 млрд. теңге инвестиция құйылған. Онда қазіргі таңда 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Халықаралық қордың мақсаты – дуадақ құсын қорғау және олардың санын көбейту. Соңғы екі жылда 800-ден астам дуадақ еркіндікке жіберілген.

Мұнан соң Өмірзақ Естайұлы «Бердібай» шаруа қожалығындағы мал бордақылау алаңына аялдады. 2005 жылы құрылған шаруашылық бүгінде асыл тұқымды мал басын арттырумен айналысып отыр. Облыс әкімі қожалық иесіне мал басын көбейтуді тапсырып, аудан әкімдігіне қожалыққа қажетті су, электр мәселесін шешуді жүктеді.

Ұлы Жеңістің 74 жылдығының мерекесіне орай облыс әкімі Шаян ауылының тұрғыны «Ұлы Отан» соғыс ардагері, облыстың «Құрметті азаматы» Бейсенбек Игісінұлының шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Ол 1942 жылы қыркүйек айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Калинин, Балтық теңізі, Кенисберг бағыттарындағы майдандарға қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері жоғары бағаланып орден, медальдармен марапатталған. Ардагер ұл-қыздарынан тараған 14 немере мен 7 шөбере тәрбиелеп отыр.

Сондай-ақ, облыс әкімі Шаян ауылындағы жабық теннис корты мен жабық жүзу кешеніне ат басын бұрып, ондағы ашық спорт алаңшаларымен танысты. Жабық теннис кортында спортшыларға барлық жағдай жасалған. Бассейнде бір ауысымда 32 адам жүзу спортымен машықтана алады. Сонымен қатар, спорттың волейбол, баскетбол, футбол, теннис түрлері мен спорт залдарына арналған ашық алаңшалар бар. Өңір басшысы салауатты өмір салтын ұстануда спорттың рөлі зор екенін айтып, өңірлерде спорттық кешендерді көбейтуді тапсырды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған