НҰР-СҰЛТАН – АРМАН ҚАЛА

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада оқырмандар арасында 6 шілде – Астана күніне арналған «Нұр-Сұлтан – арман қала» атты іс-шара өтті.

Іс-шараға кітапханамыздың көптеген белсенді оқырмандары келіп қатысты. Келген оқырмандарға Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор екендігі айтылды. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біздер еліміздің келешегі – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дамытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Осындай қысқа мерзімде құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандыратын елордамызды тұрғыздық. Елорда Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды. Астана біздің еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда болды.

Іс-шараға кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрме сөрелеріне ЖБШ, БНШ, РТШ, үндендірілген кітаптары қойылып, оқырмандар ерекше әсермен тарасты.

Шымкент қалалық арнайы кітапханасының қызмет көрсету бөлімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған